Павлодарда диірмендердің үштен екісі шикізат жетіспеушілігінен тоқтап тұр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Қазір өңір бойынша небәрі 8 диірмен жұмыс істейді. Оның өзінде нысандардың жүктемесі 30 пайыздан аспайды. 

Павлодарда диірмендердің үштен екісі шикізат жетіспеушілігінен тоқтап тұр
Фото: Валерий Бугаев

Павлодар облысының қайта өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Жанар Серімованың айтынша, аймақта 21 диірмен бар. Алайда соның тек 8-і ғана жұмыс істеп тұр.

– Жұмыс істеп тұрған диірмендер небәрі 30 пайыз жүктемемен табыстарын әрең тауып тұр. Бұл – тұрақты шикізаттың жетіспеуінен. Біздің кәсіпорындар жыл он екі ай бойы бидай сатып алуға дайын, бірақ ол бізге жетпейді. Арзан бағадағы қазақстандық бидай Ауғанстан мен Өзбекстанға экспортқа кетіп жатыр. Ал отандық қайта өңдеушілер нарықтан тыс қалып отыр. Жағдайдың ушығуына Ресей ұнының басымдылығы да әсер етуде. Біз бидайдың экспортын қолдаймыз. Бірақ бидайды ұнға айналдырып сату тиімдірек емес пе? Қазір барлық нарық ресейлік ұнға толы. Біздің сала 14 жылдан бері дамымай, бір орында тұрып қалғандай. Кезінде облыста 150 диірмен болатын. Қазір оның жартысы мал азығына арналған ұн ғана шығарады, - дейді ол.

Кәсіпкерлердің сөзінше, қосылған құн салығын қайтару да күрделі болып тұр. Бірақ ең бастысы – шикізаттың тапшылығы. 

Еске сала кетейік, Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев Қытайда Қазақстан ұнын сататын өкілдік құруды ұсынған еді. 

Соңғы жаңалықтар