Павлодарда егде жастағы әйелді өлтірген күдікті 14 жылдан кейін ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Павлодар облысында 2012 жылы жасалған адам өлтіру қылмысы 14 жылдан кейін ашылды.

кісен
Фото: pexels

Облыстық прокуратураның мәліметінше, оқиға 2012 жылы Павлодардағы саяжай алқаптарының бірінде болған. Ол жерден зорлықпен қаза болған белгілері бар егде жастағы әйелдің мәйіті табылған.

Қылмыстық іс ұзақ уақыт бойы ашылмаған қылмыстар қатарында болған. Дегенмен күдіктіні анықтау бойынша жұмыс тоқтатылмаған.

Прокурорлар мен тұрақты жұмыс істейтін жедел-тергеу тобының жұмысы, сондай-ақ криминалистикалық зерттеудің заманауи әдістерін қолдану нәтижесінде қылмысқа қатысы бар адам анықталды.

Күдікті — Павлодар облысы Успен ауданының 62 жастағы тумасы.

— Прокуратураның нұсқауымен жүргізілген сот сараптамалары мен тергеу-жедел іздестіру шараларының нәтижесінде қажетті дәлелдер жиналған, — делінген хабарламада.

Қылмыстық іс сотқа жолданды. Күдіктінің әрекетіне түпкілікті құқықтық бағаны сот береді.

Еске салайық, мұның алдында Талғарда нан сататын орынның иесі кісі қолынан қаза тапқанын хабарлаған едік.