Павлодарда екі полицейді тістеп алған ер адам сотталды
АСТАНА. KAZINFORM — 39 жастағы ер адам караоке барда бір қызметкердің жамбасынан, екіншісінің басынан тістеп алған.
Үкім Павлодардың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында шығарылды. Белгілі болғандай, жанжал Ломова көшесіндегі кәсіпкерлік нысанда болған. Көшеде тұрған ер адам өтіп бара жатқан патруль көлігін байқап, оған айқайлап, қолын бұлғап, полицейлердің назарын аударған.
Тәртіп сақшылары оған жақындаған кезде павлодарлық азамат барға қайта кірген. Офицерлер нысанға кіргенде, күзетші тапсырыс берушіге шағым түсіріп, ер адамды сыртқа шығарған.
39 жастағы үш баланың әкесі баспалдақпен көтерілу кезінде бір полицейдің жамбасынан, екіншісінің басынан тістеп, қарсылық көрсете бастаған. Полицейлер ауыр жарақат алмағанымен, қызметкерлерге қарсылық танытқаны үшін қылмыстық іс қозғалды.
— Полиция қызметкерін тістейін деген ниеті болмаған, газ баллонын шашқаннан кейін жақ сүйегі тартылып қалған. Ол полицейлердің погондарын жыртпаған, мас болғандықтан құлап, кеудешесін тартып қалған болуы мүмкін. Ол мас күйде болғандықтан полицей Ахметовтің басынан тістеп алғанын мойындайды. Ол кафеде өзін агрессивті емес, сабырлы ұстады. Күзетші оларды неге агрессивті деп көрсеткенін білмейді. Мүмкін оған ұнамаған шығар, — делінген қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімінде ер адамның айғағы.
Екі тарапты тыңдаған сот айыпталушының кінәсі дәлелденді деген қорытындыға келіп, оны үш жылға бас бостандығынан айырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ, апелляциялық шағым түсірілді.
Еске салайық, Жамбыл облысында үш баланың әкесі учаскелік полицейге қол жұмсады.