Павлодарда елік атқандар сотталды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Сотталушылар қылмыстық әрекеттері арқылы мемлекетке 2,7 млн теңгеден астам залал келтірген. Олар аң аулауға тыйым салынған жерде атыс қаруын қолданған.

Павлодарлық қос аңшы Ертіс өзенінің жайылмасында, жабайы аңдарды аулауға тыйым салынған жерде елікті жайратып тастаған. Етін алып кеткелі тұрған жерден тәртіп сақшылары қолға түсірді.
Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қылмыстық кодекстің 337-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы бойынша «ерекше қорғалатын табиғи аумақта алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адамдар атыс қаруын қолдана отырып, заңсыз аңшылық жасады» деп айыпталған екі азаматқа қатысты қылмыстық істі қарады.
Белгілі болғандай, 2024 жылдың ақпан айында К. және С. алдын ала келісіп, жабайы жануарларды заңсыз аулауға шыққан. Олар Ақтоғай өңіріндегі Ертіс өзенінің жайылмасын, яғни жабайы аңдарды аулауға тыйым салынған ерекше қорғалатын табиғи аумақты таңдаған.
«Екеуі өздерімен бірге тіркелмеген тегіс ұңғылы аңшы қаруын алып шыққан. Сотталушылардың бірі еліктерді серігі тұрған аумаққа қарай үркіткен. Ал мылтық ұстаған екінші азамат екі рет атып, жануарды өлтірген. 3 жасар еліктің етін алып кеткен сәтте полиция қызметкерлері оларды ұстаған. Осылайша сотталушылар қылмыстық әрекеттері арқылы мемлекетке 2,7 миллион теңгеден астам залал келтірген», - деп хабарлады өңірлік соттың баспасөз қызметінен.
Айыпталушылар өз кінәларын толық мойындады. К. бұрын абақтыда отырып шыққанын ескерген сот оны 4 жыл мерзімге, ал С.-ны 3 жылға бас бостандығынан айырды. Бұған қоса екеуі 7 жылға аң аулау құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, Павлодарда браконьерлер 12 елікті заңсыз атқан.