Павлодарда «Ертіс-Баян» І республикалық театр фестивалі басталды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Фестиваль 25 қыркүйекке дейін жалғасады. Онда алғашқы іріктеуден өткен 11 театр өз қойылымдарымен қатысып жатыр.
Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрында «Ертіс-Баян» I республикалық театрлар фестивалі басталды.
Аталған театр басшысы Арман Темірбектің айтуынша, өнер ұжымдарының додасы Ж.Аймауытовтың 135 жылдығына арналып отыр.
— Республикалық ауқымдағы фестиваль Павлодар облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылуда. Мұндай ірі театрлар сыны Ертіс-Баян өңірінде осыдан оншақты жыл бұрын өткен екен. Араға біраз жыл салып дәстүрлі іс-шара жалғасын тапты. Фестиваль отандық театр өнеріндегі үздік жұмыстарды, заманауи театр үрдісінің негізгі тенденцияларын анықтау және театр өнерінің классикалық, заманауи мұралары арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, актерлік кәсіби деңгейді шыңдау, театр әлеміндегі жаңа есімдерді анықтау мақсатында өтіп жатыр. Еліміздегі ең үздік деген спектакльдер Павлодар төрінде қойылып, жергілікті көрермен де өзге актерлердің өнеріне қарық болады деген ойдамыз. Бұл фестивальдегі негізгі талап — қатысатын жұмыстар бұрын өзге театрлардың сахнасында қойылмауы керек әрі соңғы бір жыл ішінде премьерасы өткен болуы тиіс. Бұл біздің өзге әріптестеріміздің арасындағы бәсекелестікті арттыра түседі деген сенімдеміз, -дейді А.Темірбек.
Республикалық сынға еліміздің түпкір-түпкірінен 11 театр, атап айтқанда Ж.Аймауытов театрынан бөлек, С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облысының қазақ музыкалық-драма театры, Абай атындағы Абай облыстық қазақ музыка-драма театры, С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры, С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры, Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры, Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры, Астана қаласы әкімдігінің «Жастар» театры, Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының жас көрермен труппасы, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры бағын сынауда.
Алғашқы күні көрермендер павлодарлық актерлер сахналаған Шекспирдің «Ричард ІІІ» қойылымын тамашалады.
Актерлердің өнерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек бастаған қазылар алқасы бағалайды.
Еске сала кетейік, Павлодарда алғаш рет республикалық театрлар фестивалі өтетінін жазғанбыз.