Павлодарда Ертіс өзені үстінен салынып жатқан жаңа көпір биыл ашылмайды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс өзені арқылы салынып жатқан жаңа автокөпірдің аралық құрылыстарын түйістіру жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Нысанды пайдалануға беру мерзімі 2027 жылға жоспарланып отыр.
Жаңа автокөлік көпірінің жалпы ұзындығы 678 метр. Оның 616 метрі қазірдің өзінде дайын болып қалған. Барлық аралық құрылысты қазан айының ортасына дейін түйістіру көзделген.
Одан соң көпірді реттеу, ванталық жүйені тарту және болат арқандарын алдын ала керу жұмыстарын істеу жоспарланған. Асфальт төсеу жұмыстары келесі жылға қалдырылды.
Мамандардың айтуынша, суық мезгілде асфальт төсеу сапасына кері әсер етуі мүмкін.
— Шарт бойынша нысанды 2027 жылы тапсыру жоспарланған. Көлік қозғалысын шамамен 2027 жылғы мамыр айында ашамыз, — дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Павлодар облыстық филиалының директоры Ермұрат Нұрханов.
Жаңа көпір экстрадозды технологиямен салынып жатыр. Оның аралығының ені 32 метрге дейін жетеді. Жобаға шамамен 72 млрд теңге инвестиция қарастырылған.
Бұған дейін Ертіс өзені арқылы салынып жатқан жаңа автокөпір жыл соңында пайдалануға берілуі мүмкін екенін жазғанбыз.
Ал ескі көпір демалыс орнына айналуы мүмкін.