Павлодарда ескірген салт-дәстүрді насихаттауға басымдық беріледі
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Павлодар облысының әкімдігі Наурыз мерекесін атап өту барысында ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттауға басымдық беруді жоспарлап отыр. Әр ауданда ескірген дәстүрлер жұрт назарына ұсынылып, барынша жаңғыртылмақ.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан аймақта жоспарланған іс-шараларды айтып берді.
– Аймағымызда «Ұлы даланың Ұлы есімдері» ғылыми-практикалық конференциясы, «Ұршық fest» фестивалі, «Алтын шаңырақ» мерекелік іс-шарасы, «Тақиялы қыз – трендте» атты тақия тігу бойынша байқау, «Киелі кимешек» көрмесі сияқты үлкен мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Биылғы Наурыздың ерекшелігі – біз салт-дәстүрге кеңінен және ауқымды түрде тоқтағанды жөн көріп отырмыз. Әрбір елді мекенде қазақтың бір салт-дәстүрін жаңартып, оны оқушылардан бастап зейнеткерлерге дейін түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, - деді М.Тауасқан.
Мұндай бастама өңірде биыл ақпан айынан бері жалғасып жатқан көрінеді. 1 наурыздан бастап жылдағы дәстүр бойынша павлодарлықтар жұмысқа ұлттық киіммен барып жүр екен.
Жалпы, Әз-Наурызда облыста 250-ге жуық киіз үй тігілу жоспарланып отыр.