Павлодарда француз фотосуретшілерінің көрмесі ашылды (ФОТО)

Көрмеге ондаған авторлардың түрлі жанрларда фотоқағазда, картон қағазында, матада түрлі бейнелеу өнері құралдарымен орындалған 100 суреті қойылды. Әр сурет түсіру объектісіне қатысты өзіндік стилімен, тақырыбымен, шығармашылық тәсілімен ерекшеленді.
Өз отандастарының туындыларын Қазақстандағы Франция Елшілігінің мәдениет және ынтымақтастық мәселелері бойынша кеңесшісі Йоанн Юрес таныстырды. Ол екі елдің фотографтары көрме алмасу арқылы халықтарды бір-бірінің мәдениетімен таныстырып, оларды жақындастыра түсетінін атап өтті. Павлодарлықтар француз көрмесіне үлкен қызығушылық танытты - облыстық көркемөнер мұражайының кіші залына жалынды жастан егде тартқандарға дейін қарақұрым халық жиналды. Айта кетейік, «Прованс-Казахстан» көрмесін облыстық көркемөнер музейімен бірге халықаралық фотоклуб пен «Күңгірт субұрқақ» фотографтар қауымдастығы ұйымдастырды.