Павлодарда ғарыштық мониторинг деректері бойынша 186 заңсыз қоқыс үйіндісі жойылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Бүгінгі таңда Павлодар облысында санитариялық және құрылыс нормаларына сәйкес келмейтін, экологиялық рұқсаты жоқ 316 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар. Жаңадан пайда болған заңсыз қоқыс үйінділері «Қазақстан Ғарыш Сапары» ғарыштық мониторингі арқылы анықталады.

- Жыл басынан бері облыста рұқсат етілмеген 205 қоқыс полигоны анықталды. Қазірдің өзінде рұқсат етілмеген 186 қоқыс полигоны жойылған. Бұл - анықталған нысандардың жалпы санының 93 пайызы, - дейді Павлодар облысы экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықов.
Мамандар Экологиялық кодекс талаптарын орындамаған жергілікті атқарушы органдардың әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын айтады. Биыл жүргізілген тексерулердің қорытындысы бойынша 8 мемлекеттік мекеме 1,4 млн теңге, сондай-ақ 5 лауазымды тұлға 149 мың теңге көлемінде айыппұл төлеген.
Еске сала кетейік, Павлодарлық кәсіпорын экологиялық талаптарды бұзғаны үшін ірі көлемде айыппұл төледі.