Павлодарда ГАЗ-53 көлігі Камазға соғылып, екі адам қаза тапты
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - «Омбы-Майқапшағай» автожолында ГАЗ-53 көлігі жол шетінде тоқтап тұрған жүк көлігіне соғылған. Оқиға салдарынан жүргізуші мен жолаушы мерт болды.

- 30 қыркүйек күні «Омбы-Майқапшағай» трассасының Чернорецк ауылынан 5 шақырым жерде «ГАЗ-53» автокөлігінің жүргізушісі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, жол жиегінде тұрған «КамАЗ» автокөлігімен соқтығысқан. Апаттан ГАЗ-53 жүргізушісі мен жолаушы көз жұмды. Тағы бір жолаушы жарақат алды, - деп хабарлады өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Тәртіп сақшылары қайғылы жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлім етті. Жарақат алған жолаушы №1 Павлодар қалалық ауруханасына жеткізілген.
Полиция департаменті мұндай жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін жол қозғалысына қатысушыларға қозғалыс ережелерін қатаң сақтауды, әсіресе көлік қозғалысы қарқынды учаскелерде абай болу керектігін ескертеді. Сондай-ақ көлік құралдарының техникалық жағдайын бақылап отыру да маңызды.
Еске сала кетейік, Павлодар-Астана автобанында жол-көлік апатынан бес адам көз жұмды.