Павлодарда импорттың жергілікті өнімді ығыстырмауына қарсы шаралар пысықталуда

әкімдік
Фото: Валерий Бугаев

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өңір Ресеймен шекарада орналасқандықтан көрші елден келетін кейбір өнімдер отандық кәсіпкерлердің бизнесіне айтарлықтай тұсау болып отыр. Облыс билігі мәселені шешу бойынша кешенді шешімдерді, соның ішінде Үкіметпен бірқатар негізгі аспектілерді пысықтап жатырмыз деп мәлімдеді.

Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Райымбек Баталовтың жергілікті кәсіпкерлермен кездесуінде айтылды.

- Павлодар облысы шекараға жақын орналасқан өңір, соған орай біз импорттық өнімдердің отандық тауарларды нарықтан ығыстырмауына ерекше көңіл бөлуіміз керек. Қазір Ресейден арзан сүт өнімдерін жеткізудің күрт өсуіне байланысты жергілікті сүт өндірушілердің өнімдерін сатуда қиындықтар туындады. Бұл жергілікті мәселе емес және барлық дерлік шекаралас аймақтарға әсерін тигізеді. Мәселе кешенді шешімдерді, соның ішінде Үкіметпен бірқатар негізгі аспектілерді пысықтауды талап етеді және біз қазір осымен белсенді айналысудамыз, - деді өңір әкімі.

әкімдік
Фото: Валерий Бугаев

Кәсіпкерлер микро және шағын бизнес өкілдерінің құзыреттерін дамытуға, әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға, логистикаға, инфрақұрылымды дамытуға қатысты мәселелерді көтерді.

Айтып өтейік, Павлодар облысында 140 мыңнан астам адам шағын және орта бизнес саласында, сондай-ақ тағы 80 мың адам өнеркәсіп саласында еңбек етіп жатыр. «Бизнес-несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау» бағдарламасы бойынша соңғы үш жылда қаржыландыру көлемі 2,5 есеге - 12 млрд теңгеге өсті.

Жас кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру көлемі 820 млн. теңгеге жетті. Тек бір жылдың ішінде ШОБ өнімдерінің өндірісі 173 млрд теңгеге ұлғайды. Өңірде инвестициялық штаб белсенді жұмыс істейді. Негізгі инвестициялық жобалар пулында - 10 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 2,1 трлн теңгеге 91 жоба бар.

Еске сала кетейік, бұған дейін павлодарлық зауыттар жергілікті шаруашылықтардан сүт сатып алуға лимит енгізуі мүмкін екенін, себебі, Ресейдің шекаралас аумақтарынан отандық кәсіпорындарға арзан шикізат ұсынып отырғандар барын жазған едік.

Петропавлдық зауыт павлодарлық фермерлердің сүтін сатып алуға ниеттеніп отыр.

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum