Павлодарда инженерлік желілердің цифрлық картасы әзірленіп жатыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Өңірлік геоақпараттық жүйенің кезекші картасына кіретін «Апаттық-жөндеу жұмыстары» модулінің алғашқы кезеңі іске асырылды. 

Павлодарда инженерлік желілердің цифрлық картасы әзірленіп жатыр
Фото: Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Биыл облыс орталығындағы инженерлік желілердің барлығы цифрланады деп күтіліп отыр. Осы мақсатта іске аса бастаған «Апаттық-жөндеу жұмыстары» модулінің бірінші кезеңі өміршең етілді. Модульдің жұмыс принципі — апат болған немесе жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатқан жерлерді жедел көрсету, сондай-ақ, өшіру себептері мен жұмыстардың аяқталу мерзімдері туралы хабарламаларды автоматты түрде жіберу мүмкіндігін ұйымдастыру.

Павлодарда инженерлік желілердің цифрлық картасы әзірленіп жатыр
Фото: Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

— Екінші Павлодар шағын ауданындағы 460 гектар аумақта орналасқан инженерлік желілер (электрмен және жылумен жабдықтау) бойынша деректерді жинау және жүйелеу бойынша жұмыс орындалды. Бұл деректердің негізінде апаттық-жөндеу жұмыстары кезінде коммуникациялардан ажыратылған ғимараттарды картада автоматты түрде көрсету процесі әзірленді. Сондай-ақ, 1414 СМС-хабарламасы арқылы халықты ақпараттандыру мүмкіндігі іске асырылды. Малайсары, Нұрмағамбетов, Қамзин және Жібек жолы көшелерінің арасында орналасқан 49 көшенің желілері цифрланды. Сонымен қатар, тұрғынжай және өзге де ғимараттар цифрланды. Электр энергиясын тұтыну бойынша 4308 абонент және жылуды тұтыну бойынша 1368 абонент анықталды, — деп хабарлады өңір әкімінің баспасөз қызметінен.

Жобаны іске асыру электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және кәріз желілерінің өшірілген аймақтарын онлайн режимде тіркеуге мүмкіндік береді және коммуналдық қызметтердің жедел әрекет етуін қамтамасыз етеді. Интерактивті карта жаңа жылу беру маусымы басталғанға дейін іске қосылуы керек.

Еске сала кетейік, Павлодарда қоқысты сұрыптап жинаған тұрғындар коммуналдық қызметке аз төлеуі мүмкін

Соңғы жаңалықтар