Павлодарда қар тазалауға кедергі көліктерді эвакуаторлармен әкетілуде
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда қар тазалауға кедергі болған көліктерді эвакуаторлармен «көтеріп әкетуде», деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бүгінгі қалалық ТҮКШ бөлімі және жергілікті полиция қызметі рейд барысында полиция қызметкерлері жолдарды қардан тазарту жұмыстарына кедергі жасап тұрған көліктерді айыппұл тұрағына әкетумен айналысты.
«Павлодарда қалың қар түсуіне байланысты полиция қызметкерлері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына көмекке келіп отыр, - деді жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Арман Ашренов. - Осылайша, біз қар тазалауға кедергі жасап тұрған және тыйым салынған жерлерге көліктерін қойған жүргізушілермен сөйлесіп, кейбіреуін айыппұл тұрағына әкетіп жатырмыз. Мысалы, Крупская көшесі бойында қазір ресейлік нөмірлері бар «ВАЗ» автокөлігін тұраққа әкетуге тура келеді. Себебі, жүргізуші темір тұлпарын дәл жолдың үстінде қойған және көліктегі қарға қарасақ, осы жерде бірнеше күн бойы қозғалыссыз тұрған көрінеді. Жалпы, екі күннің ішінде бес көлік тұраққа жеткізілді. Жол ережесін бұзған жүргізушілер 5 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі тиіс және тұрақта тұрған әр күнге 300 теңгеден шығынданатын болады».
Айта кетерлігі, коммуналдық шаруашылық қызметкерлері қар жауғаннан бері тәулік бойы жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта қала жолдары толықтай қардан тазартылып, жиналған үйінділер шығарыла бастады. Жалпы қала көшелеріне 200-ге жуық жұмысшы мен 150 техника шыққан.