Павлодарда қарақшылар букмекерлік кеңсені тонап кетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар қаласының тәртіп сақшылары букмекерлік кеңсені тонап кеткен екі жас жігітті ұстады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Қылмыс қарашаның 14-нен 15-не қараған түні тіркелген.
«Павлодар қаласында белгісіз біреулер Кривенко көшесіндегі букмекерлік кеңсеге баса көктеп кіріп, пышақпен қорқытып, күзетшінің ұялы телефоны мен кеңсеге тиесілі ақшаны қолды еткен. Жедел іздестіру шаралары барысында құқық қорғаушылар 26 жастағы екі жас жігітті қолға түсірді. Үшінші күдікті 1987 жылғы Евгений Доронин қашып жүр», - деп хабарлайды Павлодар облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.
ІІД аталған адамның қайда екенін білген адамдарға «102» нөміріне хабарлауды сұрайды. Полицияның мәліметіне сүйенсек, Павлодар қаласында жыл басынан бері 23 қарақшылық шабуыл тіркеліп, аталған істерге қатысты 33 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.