Павлодарда қараусыз қалған бұрынғы онкологиялық аурухана ғимаратының тағдыры қалай шешілді

АСТАНА. KAZINFORM – Ауданы шамамен 7 мың шаршы метр ғимарат соңғы бес жылға жуық уақыт бойы бос тұр. Осы жылдар ішінде ғимарат вандалдардың іс-әрекетінен қатты қираған.

Павлодарда қараусыз қалған бұрынғы онкологиялық аурухана ғимаратының тағдыры қалай шешілді
Фото: Артем Викторов / Kazinform

Қирау алдында тұр

Олжабай батыр көшесі, 41 мекенжайында орналасқан бес қабатты ғимарат көп жыл бойы Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының балансында болған. Бұл жерде 2019 жылға дейін онкодиспансер жұмыс істеді. Көптеген науқас дертінен айығуға деген үмітпен дәл осы жерге келген, бірақ, өкінішке қарай, бәріне бірдей көмектесе алмады. 2019 жылы Павлодарда құны 7,2 млрд теңге тұратын жаңа облыстық онкологиялық диспансер салынды. Соның нәтижесінде ескі ғимаратқа деген қажеттілік болмады.

Пандемия басталған кезде бұл нысанды уақытша провизорлық госпиталь ретінде пайдалануға шешім қабылданды. Ғимаратқа жөндеу жүргізіліп, 300 науқасқа дейін қабылдау мүмкіндігі пайда болды. Алайда көп ұзамай жаңа инфекциялық госпиталь салынды, пандемия да аяқталды. Соның салдарынан дәрігерлер бұл жерден толық көшіп кетті.

Осылайша ғимарат бос қалды және одан әрі қандай мақсатта пайдалануға болатыны ұзақ уақыт анықталмады. Бұған қоса, нысанды күтіп-ұстауға жауапты орган да белгіленбегендіктен, күзет қойылмаған. Нәтижесінде бұл жерді оқушылар мен студенттер иемденіп, ішіне кіріп, ондағының бәрін қиратуға дейін барған.

қираған ғимарат
Фото: Артем Викторов / Kazinform

Қазір ғимараттың дәліздері мен бұрынғы палаталарына кірсеңіз, ол жерде адамдар емделгенін елестету қиын. 2020 жылы яғни пандемия кезінде провизорлық госпиталь ашар алдында жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Биыл иесіз ғимараттың тағдырына қайта назар аударылды. Қалалық билік оны болашақ педагогтерге беруге шешім қабылдады. Бұл процедура бірнеше айға созылды.

Бұрынғы онкологиялық диспансердің әкімшілік ғимараты Павлодар облысының коммуналдық меншігінен министрліктің балансына берілді. Бұл туралы Павлодар облысы әкімдігінің № 61/1 қаулысында (25.02.2025 ж.) көрсетілген. Ғимарат Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің негізгі кампусына жақын орналасқан. Қазір оны университет балансына беру процесі жүріп жатыр. Берілгенге дейін ғимарат университеттің уақытша жауапты сақтауына тапсырылған. Университет нысан мен оған іргелес аумақты тәулік бойы күзетуді қамтамасыз етіп отыр, - деп жауап берді Ғылым және жоғары білім министрлігі ресми сауалға.

ғимарат
Фото: Артем Викторов / Kazinform

Осылайша, ғимарат жаңа иесін тапты, қазір ол тәулік бойы күзет қарауында. Дегенмен мамандардың айтуынша, қалпына келтіру қиын, қайта қалпына келтіретіндей ештеңе қалмаған.

Қандай нұсқалар қарастырылып жатыр

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде ғимаратты қалай пайдалану керектігі жөнінде әлі нақты шешім қабылданған жоқ. Бір нәрсе айқын, бұл аумақта студенттерге арналған жатақхана болады. Сонымен қатар университет техникалық зерттеу жүргізу үшін сараптамалық ұйымды жалдаған. Зерттеу қорытындысы бойынша ғимарат пен оның құрылымдары шектеулі жұмысқа жарамды жағдайда.

көлік, газель
Фото: Артем Викторов / Kazinform

Кей жерлерінде ақау мен апатты бөліктер бар, бірақ тіреуіш конструкциялар жарамды. Алайда алдағы жөндеу жұмыстарына кететін шығын жаңа ғимарат салу құнынан асып кетуі мүмкін.

- Ғимарат 1960 жылы салынған, негізгі материалы құм блок, яғни ғимарат моральдық тұрғыдан ескірген, дегенмен физикалық тұрғыдан қайта жаңартуға болады. Бірақ реконструкция елеулі қаржы ресурсын қажет етеді. Бүгінде қоғамдық ғимараттарға, әсіресе жатақханаларға қойылатын талаптар айтарлықтай өзгерді. Мысалы, инклюзивті орта талаптарын да ескеруіміз қажет. Бұл дегеніміз кең баспалдақ, есіктердің кең ойықтары, студенттерге қолайлы санитарлық бөлмелер және тағы басқа көптеген маңызды бөлшек қамтылуы тиіс, - деп түсіндірді Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің проректоры Серік Ілиясов.

Университет өкілдерінің айтуынша, соңғы шешім әлі қабылданған жоқ. Оның үстіне нысанның оқу орнының балансына толық берілу процесі аяқталған соң, мәселе нақты әрі жан-жақты қарастырылады. Алайда алдын ала болжам бойынша, егер экономикалық тұрғыдан тиімдісі ескі ғимаратты бұзып, жаңасын салу болса, сол шешім қабылданады.

Павлодарда қараусыз қалған бұрынғы онкологиялық аурухана ғимаратының тағдыры қалай шешілді
Фото: Артем Викторов / Kazinform

Биыл Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде шамамен 4 500 студент білім алып жатыр. Университеттің екі жатақханасы бар, олардың жалпы сыйымдылығы шамамен 1 500 орын. Бірі 1970 жылдары салынған, екіншісі 2015 жылы пайдалануға берілген жаңа ғимарат. Алайда қолданыстағы нормаларға сай, қосымша орындар қажет.

- «Білім туралы» заңның талаптарына сәйкес, жоғары оқу орны ретінде оқу нысанына қарамастан, барлық басқа өңірден келген студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге міндеттіміз. Біздің университетте басқа өңірден келген студенттердің нақты санын ескерсек, қажеттілікті толық жабу үшін тағы 910 төсек-орын қажет. Қазір тапшылық мәселесі жоқ, өйткені көптеген студент туыстарында тұрады немесе пәтер жалдайды. Дегенмен университеттің даму перспективасын, талапкерлер санының өсуін ескере отырып, қажеттілікті міндетті түрде жабуымыз керек, - дейді проректор.

2019 жылы университет Лермонтов көшесінде жаңа жатақхана салуға талпыныс жасаған еді. Құрылысты кәсіпкермен келісімшарт аясында жүзеге асыру жоспарланған болатын. Алайда жер телімін таңдау мәселесі павлодарлықтар арасында қызу пікірталас туғызды. №34 мектепке тиесілі жердің бір бөлігі шегеріліп, құрылысқа берілген. Ол кезде шенеуніктер бұл аумақты артық жер деп танып, аукцион арқылы сатқан. Олар студенттерге қажетті жатақхана қысқа мерзімде салынып бітеді, тіпті 2020 жылдың сәуірінде дайын болады деп сендірген.

- Ол уақытта мен проректор қызметінде болмадым, бірақ құжаттарды зерттей келе айтарым инвестор іс жүзінде құрылыс жұмыстарын тоқтатып қойған. Нысанның тоқырап, аяқталмай қалу қаупі туындады. Кәсіпкер мемлекет-жекеменшік әріптестік жөніндегі консорциумды біржақты тәртіппен бұзған. Кейін ол нысанды басқа кәсіпкерге сатқан, - деп түсіндірді университет проректоры Серік Ілиясов.

Павлодарда қараусыз қалған бұрынғы онкологиялық аурухана ғимаратының тағдыры қалай шешілді
Фото: Артем Викторов / Kazinform

Нәтижесінде ғимарат салынып бітті, қазір көппәтерлі тұрғын үй. Университет өз серіктесін міндеттемелерін орындауға мәжбүрлеу үшін сотқа бірнеше рет жүгінген, алайда барлық сотта жеңіліс тапқан. Енді бұрынғы онкологиялық аурухана ғимараты студенттерге арналған орын тапшылығын ішінара толтыруы тиіс.

Павлодарда қараусыз қалған бұрынғы онкологиялық аурухана ғимаратының тағдыры қалай шешілді
Фото: Артем Викторов / Kazinform

Сонымен қатар университет өкілдері бұл жолы мұндай жағдай қайталанбайтынына сендіріп отыр. 2019 жылы құрылыс кәсіпкерге тиесілі жер телімінде жүргізілсе, қазіргі жағдайда жағдай мүлде басқа. Жер университет балансына берілу процесінде, сондықтан бұл аумақта жатақханадан өзге ештеңе салынбайды.

Павлодарда қараусыз қалған бұрынғы онкологиялық аурухана ғимаратының тағдыры қалай шешілді
Фото: Артем Викторов / Kazinform

Айта кетсек, кеше Павлодарда салынып жатқан мектептің төбесі опырылып, бірнеше адам зардап шекті. 

Бүгін Павлодарда құлаған мектеп ғимаратының астынан адамның денесі табылғаны хабарланды. 

Соңғы жаңалықтар