Павлодардың ауылдық жерлерінде мемлекеттік қызметшілер жетіспейді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM -Өңірдегі мемлекеттік қызметте әйелдердің үлесі 70 %-дан асып отыр. Ал 35 жасқа дейінгі қызметшілер саны 28 %-дың үстінде.

Ертіс-Баян өңіріндегі мемлекеттік қызметшілердің штаттық саны 4074 болса, бүгінде оның 421-і бос тұр. Бос тұрған вакансиялардың көбі ауылдық жерлерге тиесілі.
- Қазіргі таңда аймақтағы мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы - 41,6, орташа еңбек өтілі - 12,6 жыл. Мекемелерде еңбек ететін 35 жасқа дейінгі мамандардың саны жалпы қызметшілердің 28-%-ын құрайды. Ал әйелдердің үлесі - 70 %. Өкінішке қарай, ауылдық жерлерде маман жетіспеушіліігі анағұрлым айқын байқалады. Мысалы ауылдық жерлерде бухгалтерлер жоқ. Сосын бізде жеке-дара жұмыс істейтін бөлімдер бар, оларда да тапшылық қалыптасқан. Коммуналдық бөлімдер, тұрғын үй шаруашылық бөлімдері, құрылыс бөлімдерінде адам жетіспейді,-дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Асхат Искендиров.
Биыл аймақ бойынша 13 мемлекеттік лауазым иесі ротацияға жатады. Бұл қатарда облыстық білім беру, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, мәдениет, құрылыс, қаржы басқармалары басшыларының орынбасарлары, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары бар.
Сондай-ақ , Екібастұз қаласы, Железин, Павлодар, Тереңкөл аудандары әкімдерінің орынбасарлары да өзге жерлерге ауыстырылуы ықтимал.
Еске сала кетейік, Ертіс-Баян өңірінде 26 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделіп отыр