Павлодарда қатыгездікпен өлтірілген 7 жасар Милананың анасына психиатриялық сараптама жасалады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Облыстық мамандандырылған ауданаралық сотта Милана Давыдованың өліміне себепкер болған оқиға бойынша қаралып жатқан сот ісі уақытша тоқтатылды. Айыпталушы психиатриялық сараптамадан өткен соң қайта жалғасады.

Бұл туралы өңірлік прокуратурадан хабарланды.
«Павлодар облыстық мамандандырылған ауданаралық сотта айыпталушы Давыдоваға қатысты сот ісі уақытша тоқтатылды. Сотталушыны қорғаушы тараптың өтініш хаты бойынша өлтірілген Милана Давыдованың анасына қосымша комиссиялық стационарлық сот-психиатриялық сараптама тағайындалды. Сол арқылы қылмыс жасау сәтінде айыпталушының психикалық мінез-құлқы қандай күйде болғаны анықталады», деп мәлімдеді прокуратурадан.
Еске сала кетейік, екінші айыпталушы А. өзінің бұл қылмысқа қатысқанына шын ниеттен өкінетінін, бірақ прокурордың айыптау актісімен толық келіспей отырғанын бұған дейін хабарлағанбыз.
Ер азамат бұған дейін бірнеше мәрте сотталып, өмірінің 30 жылдан астам уақытын темір тордың ар жағында өткізген.
Көп жағдайда мерзімінен бұрын және рақымшылыққа ілігіп босап шығып отырған.
Соңғы рет өзгенің мүлкін тонағаны үшін бір жылға бас бостандығы шектелген. Милананы өлтіру сәтінде ол осы жазасын өтеп жүрген көрінеді.
Бұған қоса айыпталушы А. тергеу барысында өзін полицейлер азаптағаны туралы шағым түсірді.
Оның шағымы бойынша қазіргі уақытта прокуратура тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр.
Еске сала кетейік, Милана былтыр 17 қараша күні Екібастұздан 50 шақырым жердегі Бесқауға ауылында жоғалып кетті.
Осы күні кешкісін сағат 9:00 шамасында қыздың анасы полицияға шағым түсірді. Милананы екі тәулік бойы 400 адам іздеді.
Тіпті іздеу жұмыстарына тікұшақ пен кинологтар да жұмылдырылды.
19 қарашада 7 жасар Милананың денесі қоқыстан табылды.