Павлодарда қауіпсіздік белдігін елемеген 8 мыңға жуық жүргізуші жазаланды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін 5 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Бұл жауапкершілік жүргізушінің жеке өзіне де, қауіпсіздік белдігін тақпаған жолаушыларды тасымалдағаны үшін де қолданылады.
Тәртіп сақшыларының сөзінше, ескертулерге қарамастан, кейбір автокөлік жүргізушілері қауіпсіздік белдігін тағуды әлі де елемейді. Бірі белдік қозғалысты шектейді деп санаса, енді бірі жайсыздыққа шағымданады немесе жолға шығар алдында белдік тағуды ұмытып кетеді.
- Қауіпсіздік белдігі жол-көлік оқиғасы кезінде ауыр жарақат алу және өлім қаупін айтарлықтай төмендетеді. Көлік соқтығысқан немесе кенет тежелген жағдайда ол жүргізуші мен жолаушыларды ұстап қалып, көлік салонының элементтеріне соғылудан, көліктен сыртқа лақтырылудан қорғайды, – деп хабарлады Павлодар облысының полиция департаментінен.
Полиция дерегінше, жыл басынан Павлодар облысында қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарған 7893 жүргізуші анықталған. Ереже бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалаған. Елімізде қауіпсіздік белдігін тақпағандарға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Бұған дейін Павлодардағы ойқы-шойқы жол жүк көліктеріне шығын келтіріп отырғанын жазғанбыз.
Сондай-ақ, павлодарлық екі тұрғыннан 60 келі марихуана табылды.