Павлодарда ҚХА мүшелері латын әліпбиіне қатысты пікірлерін ортаға салды
Жиын барысында сөз алған Павлодар облысы ҚХА төрағасының орынбасары Жетпісбай Сейсембай бүгін республика бойынша мемлекеттік тілді латын графикасына көшірудің бірыңғай стандартын талқылау күні деп жарияланғанын атап өтті. - Қазақ тілінің латын қарпіне көшуі аясында ұстаздарды даярлау, оқу-әдістемелік материалдар, мобильдік қосымшалар жасау қарастырылады. Бүгінде ұсынылып отырған латын графикасы ең соңғы нұсқа емес, әлі де өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп, ғалымдар фонетика, морфология салаларын зерттеп шықты. Сонымен қатар, еуропа, түрік тілдерінің сарапшылары, компьютерлік лингивстика мен бағдарламалар бойынша мамандар тартылды. Жұмыс тобы 20 шақты ғылыми-пратикалық шара өткізіп, соңғы екі айда 2500-ден астам адам жұмылдырылды. Мемлекет басшысы жүйелі түрде және кезең-кезеңмен жоспарлы әрекет етуді тапсырған. Сондықтан бұл істе асығыстық танытудың қажеті жоқ, - дейді Жетпісбай Сейсембай.
С. Торайығыров атындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі, ғылыми топтың жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Мамытова бұл процесті латын графикасына қайта оралу деп есептейді. Оның айтуынша, 1929-1940 жылдар аралығында біздің Алаштың зиялылары латын графикасында жазған. Сонымен қатар, кезінде ата-бабаларымыз да белгілі бір деңгейде латын графикасын жақсы білген. Сондықтан оның түпкі тамыры тереңде жатыр. - Бүгінгі таңда түркі елдері ғана емес, біздің көршілеріміз де латын әліпбиін сәтті қолданады. Бұл ретте, әлемдік интеграцияланған кеңістікте Сингапур, Тайланд елдерін атап өтуге болады. Кириллица алфавитіндегі кейбір әріптер латын графикасына негізделген. Біздің жастарымыз көшбасшы мемлекеттермен тең дәрежеде иық теңестіріп, ақпараттық-технология дамыған кезеңге сай болуы үшін заман көшінен қалмауы тиіс. Әлеуметтік сауалнаманың қорытындысы бойынша тұрғындардың басым бөлігі латын графикасын қолдаған. Экономикалық тұрғыдан алатын болсақ, көптеген атаулар үш тілде қайталанады және нәтижесінде қаржылай шығынға әкеледі. Бұған қоса, ақпараттың басым бөлігі кириллицаға аударылғанға дейін бірталай уақыт кетеді де, салдарынан бізге кеш түседі. Бұл мәселе білікті мамандардың қатысуымен көпшілік арасында кеңінен талқылануы тиіс, - дейді профессор.
Бұдан басқа, дөңгелек үстел басында бас қосқан «Нұр ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова, жастар бірлестігі үйлестіру кеңесінің төрайымы Элина Паули және басқалары өз ойларын білдірді.