Павлодарда Қыз ұзату дастарханынан кейін 33 адам уланды

АСТАНА.KAZINFORM - Тойдан кейін шара қонақтары 24 сағат ішінде диарея, құсу және дене қызуының көтерілуіне шағымданып, жедел жәрдем шақыра бастады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

больница, врачи
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Той Павлодардағы Чокин көшесіндегі мейрамханада өтті. Қыз ұзатуға 150-ге жуық адам шақырылды. Қалыңдық Әзиза Исабайдың айтуынша, көбіне салаттар мен тіскебасар жегендер зардап шеккен.

- Тойдан кейін адамдар қатты ауырды, олардың дене қызуы 40 градусқа жуық көтерілді, іштері өтіп, құсты. Бұл мейрамхананың тағамын жегеннен болғаны сөзсіз. Жеміс, шырын, пирогтан емес, өйткені оларды балалар да жеген. Бірде-бір бала зардап шеккен жоқ. Көбіне салат тағамдарын жеген ересектер зардап шекті, - деді Әзиза Исабай.

Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясының хабарлауынша, бір тәулікте 33 адам көмек сұраған. Олардың арасында облыстық балалар ауруханасына жеткізілген бір бала мен жүкті әйел бар.

Ал, денсаулық сақтау басқармасы 29 адамның ауруханаға жеткізілгенін хабарлады.

– Бактериялық ішек инфекциясының клиникалық көріністері бар науқастар тойдан соң жалпы инфекциялық бөлімше көмегіне жүгінген. Барлығы 29 науқас. Оның 15-і ауруханаға жатқызылды, 14-і амбулаторлық емдеуге жіберілді. Бүгінгі күні ауруханаға жатқызылғандардың жағдайы интоксикация, іш өту, гипертермиялық синдромға байланысты орташа ауырлықта деп бағаланды. Олар толық ем қабылдап жатыр, - деп хабарлады Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.

Айта кетейік, 2024 жылдың сәуір айында Екібастұзда тойға жиналған қонақтар тамақтан жаппай уланып қалған еді.

Ал қараша айында тамақтан уланып қалған 16 адам Екібастұздағы «Grand Hall» мейрамханасының иесінен жалпы сомасы 6 млн теңге талап етіп, сотқа ұжымдық талап арыз түсірді.

Кейін сот шешімінен тамақтан уланғандарға мейрамхана иесі 5 млн теңгеден астам өтемақы төлейтін болды.

Соңғы жаңалықтар