Павлодарда Қызыл кітапқа енген лашын құтқарылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Жыртқыш құс облыс орталығындағы кәсіпорындардың бірінің аумағынан табылған. Қазіргі уақытта ол аң-құстарды ұстайтын панажайға орналастырылды.
Павлодар орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Аждар Жүсіповтің айтуынша, бұл – биылғы балапан. Оның қала орталығына қалай келгені әзірше белгісіз.
- Жас құс екені байқалады. Қала орталығына қайдан келгенін білмейміз. Жергілікті кәсіпорындардың біріне ұшып келген. Адамнан қорықпайды, қолға қонады. Соған қарағанда, бұл құсты біреулер ұстап, саятшылыққа үйреткенге ұқсайды, – дейді Аждар Жүсіпов.
Маманның айтуынша, лашын арнайы орында шамамен бір ай ұсталып, кейін табиғи ортаға жіберіледі. Құсты Ертіс өзенінің жайылмасына шығару жоспарланып отыр.
- Лашын Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Өңірімізде олардың негізгі мекені – Баянауылдың таулы аймақтары, - деп атап өтті мекеме басшысы.
Лашын – шүйліккен олжасын жылдам қуып жететін, өте шапшаң әрі төзімді жыртқыш құс. Дене бітімі орташа, қанаты ұзын, құйрығы қысқа келеді. Қазақстанда сирек кездесетін құстардың бірі.
Еске сала кетейік, Павлодарда жыртқыш жануардың шабуылына ұшыраған жаралы аққу құтқарылды.
Оның алдында Ертіс орманында сирек кездесетін тарғақ құсы көзге түсті.