Павлодарда Қолыбай алқабындағы лиманды суару жүйесі қалпына келтіріліп жатыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Павлодардың Май ауданындағы Қолыбай алқабында лиманды суару жүйесін күрделі жөндеу жалғасып жатыр. Жоба келер жылы аяқталса, жаңадан 14,6 мың гектар жерді суландыруға мүмкіндік бар. Қолыбай лиманды суару жүйесін күрделі жөндеу жобасы биыл басталған. Аталған іс-шара аясында Май ауданы бойынша 38 гидротехникалық және 6 су өткізу құрылыстары жөнделеді. 

 су
Фото: Үкімет

– 2025 жылы бұл жұмыстардың барлығы аяқталады деп көзделіп отыр. Күрделі жөндеу аймақтың барлық лиманын сумен қамтамасыз етіп қана қоймай, осы суды тиімдірек пайдалануға мүмкіндік береді. Жыл сайын қыркүйек айының соңында су тасқыны кезеңіне дайындық үшін Ертіс өзені бойындағы Бұқтырма су қоймасынан су жіберіледі. Бұл көктемде еріген суды қабылдауға орын босатуға және Ертіс өзенінің жағдайын жақсартуға көмектеседі. Лимандарды осы уақытта да сумен қанықтыруға мүмкіндік бар, - деп хабарлады «Қазсушар» РМК «Қаныш Сәтбаев атындағы канал» филиалынан.

Павлодар облысында су аз кезеңде жайылмалардың су басқан шалғындарын қамтамасыз ету және Қаныш Сәтбаев атындағы канал арқылы Орталық Қазақстан өңірлеріне ауызсуды үздіксіз беру үшін жаңа су қоймасын салу жоспарланып отыр. 

Айта кетейік, Павлодардағы жаңа канал келер жылы көктемде іске қосылады. 

Соңғы жаңалықтар