Павлодарда көлікті мас күйінде тізгіндеген 787 жүргізуші ұсталды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Өңірде жыл басынан мас күйінде автокөлік жүргізген 787 жүргізуші ұсталды. Олардың кінәсінен 6 жол-көлік апаты тіркеліп, салдарынан 9 адам зардап шекті.

Полицейлердің айтуынша, үнемі жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстарына қарамастан, кейбір жүргізушілер ережелерді ескермейді.
– Мысалы, Павлодардағы Абай көшесінде, түнгі уақытта полиция қызметкерлері Lexus LX570 автокөлігінің жүргізушісін тоқтатты. Әңгіме барысында одан алкогольдің өткір иісі шықты. Медициналық куәландыру жүргізушінің орташа мас күйінде екенін көрсетті. Көлік құралын мас күйінде жүргізгені үшін азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалды. Көлік құралы коммуналдық тұраққа орналастырылды. Сот заң бұзған адамды 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырып, 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алды, - дейді Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Айдар Сламбеков.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің дерегінше, өңірде жыл басынан мас күйінде автокөлік жүргізген 787 жүргізуші ұсталған. Олардың қатысуымен 6 жол-көлік апаты тіркеліп, салдарынан 9 адам зардап шеккен.
Еске сала кетейік, шетелдік азаматтан пара талап еткен көші-қон полициясының қызметкері 3 жылға сотталды.