Павлодарда колонияға есірткі өткізбек болған әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды
![None None](/static/img/plug.webp)
«Павлодар қаласындағы колониялардың бірінде негізгі қоршауға жақын жерде режімдік нысан аумағына есірткі өткізуге әрекет еткен әйелді ҚАЖ қызметкерлері қолға түсірді. Сот-химиялық сараптама салмағы алты граммнан асатын тәркіленген есірткі заттары күшті әсер ететін есірткі түріне жататынын анықтады.
Облыс орталығының тұрғынына қатысты ҚР ҚК 259-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, оған сәйкес аса ірі мөлшерде есірткі затын өткізбек болғаны үшін мүліктерін тәркілей отырып, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделмек», - деп атап өтті ҚазАқпарат тілшісіне облыстық ҚАЖ департаментінің өкілі Борис Гаврилюк.
Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына тоғытылды. Айта кетейік, жыл басынан бері 200-ден астам ҚР азаматы сотталушыларға тыйым салынған заттарды өткізуге әрекеттенгендері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде есірткі заттарын беруге әрекет еткені үшін 20 азаматқа қатысты тергеу жүргізілуде, деп айтып өтті республикалық пенитенциарлық жүйе ведомствосында.