Павлодарда көпқабатты үйлердің 80%-дан астамы жылу қабылдауға дайын
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Тұрғын үйлердің көбінде жүйелерді қысыммен тексеру және жуу жұмыстары жүргізілген. Дайын үйлердің көрсеткішін айдың соңына дейін 90%-ға дейін жеткізу жоспарланған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі қазіргі уақытта Павлодар қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің 80 %-дан астамы жылу қабылдауға толық дайын екенін мәлім етті. Оларда жүйелерді қысыммен тексеру және жуу жұмыстары жүргізілген. Айдың соңына дейін бұл көрсеткішті 90%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

- Энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және коммуналдық қызметтер басқармасының дерегі бойынша қазіргі уақытта жылумен жабдықтау объектілеріндегі желілердің 75%-ы жөнделді, қазандықтар мен жылу магистральдарында жұмыстар жалғасып жатыр. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың арқасында технологиялық ақаулардың саны айтарлықтай төмендеді. Өткен маусыммен салыстырғанда апаттық жағдайлардың саны 1,5 есе азайды,-деп мәлімдеді облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Қазір Павлодарда алдағы жылу беру маусымы алдында желілерге қайтара сынақ жүргізу қолға алынған. Қаланың оңтүстік бөлігінде гидравликалық сынақтар аяқталды. Олардың қорытындысы бойынша 65 ақау анықталды, оның 19-ы магистральдық желілерде. Ақауларды жою бойынша жұмыстар жалғасын тапқан. Бүгінгі таңда 13 ақау жойылды. Бұл жұмыстарға 40 авариялық бригада жұмылдырылды.
Еске сала кетейік, Үкімет Оралдың жылу магистралін реконструкциялауға 2,5 млрд теңге бөлді.