Павлодарда қоршаған ортаға зиянды заттардың мөлшері азайып келеді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Облыста қоршаған ортаны ластайтын заттардың негізгі үлесі Екібастұз (46,2%), Павлодар (24,7%) және Ақсу (21,9%) қалаларына тиесілі. Жылдың алғашқы жартысында қоршаған ортаға тасталатын зиянды заттардың нақты көлемі 349,9 мың тоннаны құраған.

экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков.
Фото: Павлодар облысы өңірлік коммуникациялар қызметі

Павлодар облысында жыл басынан бері қоршаған ортаға шығарылатын зиянды заттардың үлесі сәл де болса төмендеп келе жатқаны байқалады. Бұл ретте атмосфералық ауаға тарайтын зиянды шығарындылардың негізгі бөлігін Екібастұз қаласы иеленіп отыр (46,2%). Ал Павлодар (24,7%) және Ақсу (21,9%) қалаларында бұл көрсеткіш көмірлі шаһармен салыстырғанда екі есеге жуық кем.

- 2024 жылдың алғашқы жартысында қоршаған ортаға тасталатын зиянды заттардың нақты көлемі 349,9 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен салыстырғанда 0,75 мың тоннаға (0,2%) аз. Ал жылдық лимит 923,9 мың тонна деңгейінде қалып отыр. Бұл нәтижелер облыстағы экологиялық жағдайдың жақсаруы мен кәсіпорындардың экологиялық жауапкершілігін және тұрақты дамуға тырысуын дәлелдейді, - дейді өңірлік экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков.

Шығарындылар негізінен «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «2-МАЭС Екібастұз станциясы» АҚ, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС, «Павлодарэнерго» АҚ, «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ кәсіпорындарында тіркелген.

Экология департаменті қоршаған ортаның сапасын жақсартып, экологиялық тұрақты жағдайды сақтау үшін мониторингтар жүргізіп тұрады. Жыл басынан 69 заң бұзушылық анықталып, оларды жою туралы 30 ұйғарым шыққан. Жалпы сомасы 20,5 млн теңге айыппұл өндірілген.

Еске сала кетейік, павлодарлық кәсіпорын экологиялық талаптарды бұзғаны үшін ірі көлемде айыппұл төледі.