Павлодарда күн күрт суытып, жаңбыр соңы қарға ұласады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Төтенше жағдайлар қызметі Ертіс-Баян өңірінің аумағында 4-5 қазан күндері күн күрт суытып, қар аралас жаңбыр жауатынын ескертті. Кей жерлерде екпіні секундына 30 метрге дейін жететін дауыл тұруы ықтимал.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 5 қазанда Павлодар облысында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын күтіледі. Күндіз өңірдің батысы мен солтүстігінде нөсер жаңбыр жүруі мүмкін.
Ауа температурасы да салқындап, түнде 0-5 градусқа дейін төмендейді.
— 5 қазанда оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетуі ықтимал. Облыстың батысында, солтүстігінде және шығысында екпіні 23-28 метр, кей уақытта секундына 30 метр және одан да жоғары болуы мүмкін, — делінген департамент хабарламасында.
Еске сала кетейік, Атырауда қар аралас жаңбыр жаууы мүмкін.