Павлодарда Усолка эко-паркінің құрылысы басталады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс және Усолка өзендерінің аралығында орналасқан 60 гектар аумақта тұрғындардың демалысы үшін қолайлы жағдайлар құру көзделіп отыр.

Биыл Павлодардағы Усолка шағын ауданында эко-парктің құрылысы басталады деп күтілуде. Усолка өзенінің жағасында орналасқан тоғай арасын күн жылы мезгілде маскүнемдер мен қаңғыбастар жайлап, үнемі күл-қоқыс шашылып жататын. Экологтардың дабыл қағуымен парк жобасы қабылданып, енді жұртшылық оның тез арада жүзеге асуын асыға күтіп отыр.

— Биыл облыс әкімінің тапсырмасы бойынша ауқымды жоба — Усолка шағын ауданында эко-парк салу жұмыстарын бастағалы отырмыз. Қала бойынша жұмыс сапары барысында эко-парк салынатын аумақты тексеріп шықтым. Алда қолға алынатын жұмыстар туралы баяндамаларын тыңдадым. Мердігерге қойылатын негізгі талап — табиғатқа барынша аз әсер ету және экологиялық материалдарды пайдалану. Жалпы алғанда шамамен алпыс гектарды құрайтын аумақта құрылыс-монтаж жұмыстарын бастамас бұрын, су басудың алдын алу мақсатында ұзындығы 2,2 км болатын дамбаны нығайту қажет. Бұл жұмыстарға ақпан айының соңғы онкүндігінде кірісіп, Ертіс өзенінің суы тасығанға дейін аяқтауды тапсырдым, — деп хабарлады Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков.
Белгілі болғандай, паркте шамамен 30 гектардай көгал жабыны, 10 суландыру жүйесі болады. Жайлы орындықтар, жаяу жүргіншілер жолы, балаларға арналған ойын алаңдары, ана мен бала бөлмесі, дәретхана қарастырылған.

Еске сала кетейік, Биыл Павлодарда шыбын-шіркейге қарсы 172 мың гектар алқап өңделеді.