Павлодарда мас күйінде көлік басқарған 267 жүргізуші ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері тәртіп сақшылары мас күйінде көлік басқарған 267 жүргізушіні анықтап, заң аясында жауапкершілікке тартқан. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Бұл көрсеткіш өңір жолдарында бақылаудың күшейгенін аңғартады. Өйткені мас жүргізуші — тек өз өміріне ғана емес, өзгелердің де қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіретін фактор.
— Елімізде мұндай құқықбұзушылық үшін жаза қатаңдатылғанына қарамастан, яғни 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айыру және 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу шаралары қарастырылғанымен, павлодарлық полицейлер күн сайын орта есеппен 6-ға дейін мас жүргізушіні анықтап отыр, — делінген хабарламада.
Мәселен, кезекті рейд барысында патрульдік полиция экипажы алдымен Toyota Carina маркалы автокөлікті, кейін күмәнді әрекеттеріне байланысты LTM көлігін тоқтатты. Аталған көліктер жол бойымен сенімсіз қозғалып, қауіпті маневрлер жасаған. Құжаттарды тексеру кезінде инспекторлар жүргізушілерден масаңдық белгілерін байқады. Медициналық куәландыру олардың алкогольдік мас күйінде болғанын растады.
Сонымен қатар Павлодар ауданында мас күйінде мотоцикл басқарған тағы бір жүргізуші анықталды. Аталған құқықбұзушылықтар бойынша барлық жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, іс материалдары сотқа жолданды. Көлік құралдары арнайы айып тұрағына қойылды.
Павлодар қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының командирі Азамат Қалиақпаровтың айтуынша, мас күйінде көлік басқару — жай ғана құқықбұзушылық емес, адам өміріне тікелей қауіп төндіретін ауыр әрекет.
– Әрбір жүргізуші рөлге отырмас бұрын өз әрекетінің салдарын терең түсінуі тиіс. Заң талаптарын біле тұра бұзу – жауапсыздықтың көрінісі. Мұндай әрекеттердің соңы көбіне қайғылы жағдайларға әкеледі. Біздің басты мақсатымыз – жолдарда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, тәртіпті күшейту, – деді ол.
Тәртіп сақшылары алдағы уақытта да профилактикалық жұмыстарды жалғастырып, азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Бұған дейін Қазақстанда мас күйде көлік жүргізгендерді тексеру тәртібі жаңартылғанын жаздық.