Павлодарда мектеп директорлары «қартайып барады»

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысында математика, физика, информатика, химия пәндерінің мұғалімдері жетіспей жатыр. Оның үстіне кейбір мектеп директорларының кәсіби деңгейі талапқа сай емес. Соның салдарынан бүгінде директорлардың 24 пайызы міндетін уақытша атқарып отыр.

кісі
Фото: Pexels

 

Ертіс-Баян өңірінде 359 мектеп бар, оның бесеуі — жекеменшік. Барлық білім ұяларында 116 мыңнам астам оқушы білім алып жатыр. Тәлім-тәрбие беру ісіне 13 395 педагог жұмылдырылған.

Қазіргі уақытта өңірдің білім саласында кадрлық мәселелер байқалып отыр. Ең әуелі мектеп басшылығында отырғандардың жасы ұлғайып барады. Бақандай 27 мектепті зейнет жасындағы адамдар басқарып отыр.

Жалпы директорлардың орташа жас шамасы — 45-59 аралығында. Бұл статистика педагогика саласындағы басшылық буында қартаю үрдісі бар екенін байқатады.

Тағы бір түйткіл, 84 білім беру ұйымындағы директорлар басшының міндетін атқарып отыр.

ер мұғалімдер
اشىق دەرەككوزى

— Кейбір мектептерге басшының тағайындалуы ұзаққа созылып, орнына міндетін уақытша атқарушы ұзақ отырып қалатыны рас. Бұл жағдай көбіне кандидатуралар ҚР Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі «Педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» № 338 бұйрығында көрсетілген талаптарға сай келмейтінімен байланысты. Облыста зейнет жасындағы басшылардың баршылық екені жасырын емес. Олардың басым бөлігі Ақсу қаласында (4 адам) және Павлодар ауданында (4 адам), — дейді Павлодар облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Баширова.

Білім және ғылым министрлігінің жоғарыда аталған бұйрығында бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарының басшысына (директор, меңгерушісі) қойылатын біліктілік талаптарында былай делінеді:

— жоғары (жоғары оқу орнынан кейінгі) педагогикалық білім немесе педагогикалық қайта даярлауды растайтын құжат, педагогикалық жұмыс өтілі кемінде 5 жыл, оның ішінде соңғы 2 жыл үздіксіз педагогикалық өтілі, басшының орынбасары лауазымында немесе орта білім беру ұйымының басшысы лауазымында кемінде 2 жыл өтілі;

— немесе жоғары біліктілік санатының немесе педагог — сарапшының немесе педагог — зерттеушінің немесе педагог — шебердің біліктілік санатының болуы; не білім беру ұйымының «үшінші біліктілік санатты басшысының орынбасары» немесе «екінші біліктілік санатты басшысының орынбасары» немесе «бірінші біліктілік санатты басшысының орынбасары» біліктілік санатының не «басшы-ұйымдастырушы» немесе «басшы-менеджер» немесе «басшы-көшбасшы» біліктілік санатының болуы.

— осы тармақтың 2,3-абзацтағы нормаларын қоспағанда, білім және ғылым саласындағы қызмет бағыты бойынша мемлекеттік қызметші лауазымындағы, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру немесе педагогикалық білімі бар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының басшысы лауазымындағы жұмыс өтілі кемінде 5 жыл.

30-дан енді асқан педагогтардың жоғарыда аталған біліктілік талаптарына тез арада жете қоюы екіталай. Сондықтан басшы буынның қартаю үрдісі өңірде әлі де сақталып тұра беретіндей. Дейтұрғанмен ресми деректерде облыстағы педагогтарды 60 пайыздан астамы жоғары білікті екені көрсетілген.

Оның үстіне аймақтағы білім беру ұйымдарында математика, физика, информатика, химия пәндері бойынша маман жетіспеушілігі сақталып отыр.

Гүлмира Башированың сөзінше, аталған пәндердің мұғалімдеріне деген қажеттілік әртүрлі факторлардың, соның ішінде демографиялық өзгерістердің, кадрлық, білім беру мәселелерінің әсерінен туындауда. Бұған қоса технология мен ғылым саласындағы мамандарды даярлауға қойылатын талаптардың жоғарылауының салдары да болуы мүмкін.

а
Фото: Павлодар облысы ӨКҚ

— Соңғы жылдары гранттардың ең көп саны инженерлік, құрылыс және педагогика саласына бөлініп келеді. Жас мамандарды тартуға, қазіргі педагогтердің біліктілігін арттыруға және жалпы білім беру инфрақұрылымын жақсартуға жағдай жасай отырып, осы мамандықтардағы мұғалімдер жетіспеушілігін азайтуға талпысын жасалуда. Аймақтардағы түлектерді жұмысқа орналастыру мақсатында жоғары оқу орындары білім беру басқармасымен бірлесіп «Бос орындар жәрмеңкесін» тұрақты өткізеді. Тіпті өзге қалаларға шығып, оқу орындарымен байланысты үдете түстік. Дәл осындай жәрмеңкелер биыл Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде, Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінде, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінде, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде ұйымдастырылды, — дейді ол.

Нәтижесінде биылғы оқу жылында өңір мектептеріне 351 жас маман қабылданса, олардың басым бөлігі Павлодар мен Екібастұз қалаларын, Баянауыл, Успен аудандарын таңдаған. Бір қызығы, зейнет жасындағы директорлары көп Павлодар ауданы мен Ақсу қаласына барған жас педагогтар өте аз.

Ақсуды небәрі 13, Павлодарды 18 жас ұстаз таңдаған. Осыған қарағанда бұл аумақтар жас мамандарды қызықтырудың жолын таба алмай отырғанға ұқсайды. Оларға үлгі ретінде Баянауыл ауданын атап өтуге тұрарлық. Облыстағы ең шалғай аудан бола тұра, ондағы мектептерге биыл 41 жас маман жұмысқа тұрған.

Ал облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Еркеғали Жанғазы жас мамандардың мектепке орналасуына қатысты кедергілер көп екенін айтады. Тестілеуден өткен жас маман өтінішті сайт арқылы береді.

эксперт
Фото жеке мұрағатынан

Мектеп әкімшілігі қабылдап алады да, бекітілген талаптарға сәйкес өтініш берушіні жұмысқа қабылдайды. Осы жерде кейбір білім ордалары жас кадрлардан мейлінше бас тартып, көп жыл жұмыс істеген сақа мұғалімдерді таңдайтыны байқалып қалуда.

Дипломын қолына жаңа алған жас маманда не тәжірибе, не жеке жетістіктері жоқ. Осы себептерден жастар дәл қазір жұмысқа орналасу мүмкіндігінен айырылып отыр. Тіпті зейнетке шыққан ардагер ұстаздар да тізгінді бергісі келмей конкурсқа қатысып, жеңімпаз атанады да, жастар жұмыссыздар санатын одан сайын молайта түсуде.

Білім басқармасының дерегінше, қазір өңірдегі білім беру ұйымдарында 68 жұмыс орны бос тұр. «Дипломмен –ауылға!» бағдарламасы аясында ауылдық жерлерге соңғы екі жылда 400-дей жас маман барған. Оларға көтерме жәрдемақы төленіп, баспана сатып алғысы келсе 0,01 пайызбен тұрғын үй қарызы беріледі.

Еңбек жолы жаңа басталған ұстаздар айына шамамен 200-250 мың теңгедей жалақы алса, педагогтардың орташа айлығы шамамен 600 мың теңгеге жуықтайды.

Атап өтерлігі, облыстағы мектептерде 6 мыңға жуық орын тапшылығы бар. Үш ауысымды 6 мектеп, екі ауысымды 168 мектеп жұмыс істейді. Павлодар ауданы Бірлік ауылына жаңа мектеп қажет.

мектеп психологі
Фото: Алматы әкімдігі

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында облыс орталығында бірі 1200, екіншісі 600 оқушыға лайықталған екі мектеп салынып жатыр. Сондай-ақ білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен Павлодар қаласында Ахмет Байтұрсынов атындағы білім ұясында 288 орындық жапсарлас құрылыс тұрғызылуда.

Еске сала кетейік, бұған дейін Достық шағынауданында салынып жатқан 1200 орындық білім ұясы қазақ тілінде білім беретінін жазған едік 

Сондай-ақ Павлодар облысында қазақ сыныбынан жерінген ата-аналар көбейіп отырғанын мәселе етіп көтергенбіз.  

Соңғы жаңалықтар