Павлодарда мектеп инспекторы ұрыны ұстады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар қаласында мектеп инспекторы Махаббат Қисатова мектеп кабинеттерінің бірінен сөмке ұрлап бара жатқан 40 жастағы Ақмола облысының тұрғынын қолға түсірді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .
Облыстық ІІД-ның баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам оқу орнына ешбір адамның шақыруынсыз кірген. Кабинеттердің бірінен ішінде «Nokia» ұялы телефоны және 20 мың теңгесі бар әйелдің сөмкесін алып, бірден сыртқа беттейді. Алайда, күдіктінің суыт жүрісін бірден байқап қалған инспектор Махаббат Қисатова сол жерде тоқтатып тергеуге алады. Ер адам қашып кетуге тырысқан. Алайда нәзік жандының батылдығының арқасында оның ұрлығы әшкере болды.
«Ұры кінәсін толық мойындап, мұндай әрекетке өзінің үйіне жету үшін шұғыл түрде ақша керек болғандықтан барғанын түсіндірген. Тіпті, бұған дейін де бірнеше рет сотталғаны белгілі болды. Күдікті азаматқа қатысты ұрлық жасау фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда ол уақытша ұстау изоляторында отыр. Істің қалай аяқталатынын тергеу амалдары көрсетеді», - дейді баспасөз қызметі.
Айта кетейік, полиция лейтенанты Махаббат Қисатова Алматыдағы ҚР Ішкі істер министрлігінің академиясын бітірген. Ішкі істер органдарында 2016 жылдан бері қызмет істейді.