Павлодарда мемлекеттік құпия мәліметтерді жинаған колонияның бұрынғы басшысы сотталды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — № 45 мекеменің бұрынғы басшысына қатысты қылмыстық іс жабық режимде өтті. Істің жай-жапсары ашық айтылмайды.

Павлодарда мемлекеттік құпия мәліметтерді жинаған колонияның бұрынғы басшысы сотталды
Фото: pexels.com

Павлодар соты 40 жастағы әділет полковнигінің қылмыстық ісін қарады. «Құпия» белгісі бойынша қаралған істің егжей-тегжейлі мәліметтері жария етілмеді.

Колонияның бұрынғы басшысына ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы, 3-бөлігі, 4-тармағы (Лауазымды адамның өзiнiң құқықтары мен өкiлеттiктерінің шегінен анық шығатын және азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiне не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне елеулі зиян келтіруге әкеп соққан әрекеттер жасауы) және 185-бабы, 2-бөлігі (Мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтерді заңсыз жинау) бойынша айыптар тағылған.

— Қылмыстық кодекстің 58-бабы 3-бөлігі негізінде қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру жолымен 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы түпкілікті тағайындалсын, - деп сот үкімін жария етті Павлодар қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Жанар Тұрлыбаева.

Бұған дейін павлодарлық подполковник № 45 мекемеде сотталушыны ұзақ уақыт бопсалап, пара алып келгені туралы жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар