Павлодарда мерекеге орай көпбалалы аналарға біржолғы төлем жасалды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM -Ертіс-Баян өңіріндегі әлеуметтік көмек алатын көпбалалы аналар Халықаралық әйелдер күні қарсаңында біржолғы ақшалай төлемге ие болды. Жалпы саны 500-ден астам ана қамтылған.
Өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, Халықаралық әйелдер күніне орай атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы көпбалалы аналарға біржолғы әлеуметтік төлемдер жасалды.
– Төлем облыстағы қалалар мен аудандардағы жергілікті өкілді органдардың шешімі негізінде жүргізілген. Біржолғы әлеуметтік көмектің мөлшері 5 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Биыл оның көлемі 21 625 теңге болды, – деп хабарлады басқармадан.
Облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылардың ішінен 500-ден астам көпбалалы ана аталған қолдауға ие болған.
Еске сала кетейік, 8 наурыз мерекесіне орай Президенттің атынан мемлекеттік награда табысталды.