Павлодарда мерзімі өтіп кеткен азық-түліктер сатылып келген
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Тексерушілер дүкендердің сөрелеріндегі нан, май, сүт, пісірілген шұжық, сусын және тәттілердің жарамдылық мерзімдерін тексеріп, 20-дан астам заң бұзушылықты анықтады. Кемшіліктердің көбі кондитерлік өнімдерге қатысты.
Өңірлік сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандары көптеген дүкендерді аралап, азы-түліктің 36 түрін тексерген. Өнімдердің жарамдылығы мен таңбалануына қатысты 20-дан астам заң бұзушылық анықталды.
Жақында өткен тексеру нәтижесінде мерзімі өткен азық өнімдеріне қатысты төрт жағдай тіркелген.
«Облыс аумағынан 36 азық-түлік түріне сатып алу жүргізіліп, 26 кемшілікті тіркедік. Кейбір жерде күнбағыс майы мен пісірілген шұжықтардың жарамдылық мерзімі өтіп кеткен. Бұған қоса сусындар, өсімдік майы, нан-тоқаш өнімдері, кондитерлік өнімдер, азық-түліктік емес өнімдер бойынша таңбалануда қателіктер жіберілген», - деп хабарлады департаменттен.
Қазір «Сапалы өнім» жобасы аясында қауіпті өнімдерді анықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Қоғамның бастама көтеруімен Павлодар облысында азық-түліктің 58 түріне, соның ішінде консервілерге, сүт өнімдеріне, жеміс-жидек пен жұмыртқаға, нан және макарон өнімдеріне тексерулер жүргізілген. Өнімдердің 43 түрінен кемшіліктер анықталды.
Бұған дейін Павлодар облысы кейбір азық-түліктің арзандығы бойынша еліміздегі бестікке кіретінін жазғанбыз.