Павлодарда мыңнан астам сотталушы рақымшылыққа ілігеді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Облыс бойынша 1061 адам рақымшылыққа ілігеді деп ұйғарылды. Олардың 256-сы бостандыққа шығуы керек.

Павлодарда ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылықты жүзеге асыру мәселесі бойынша жиын өтті. Оған Мәжіліс депутаттары, полиция, прокуратура, Қылмыстық атқару жүйесі және басқа да ведомство өкілдері қатысты.
- Рақымшылық туралы заң 6 ай бойы қолданылады және әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтардың жазасын жеңілдетуге бағытталған. Бұл рақымшылық ауыр қылмыстарға, соның ішінде сыбайлас жемқорлық пен адам өлтіру фактілеріне қолданылмайды. Облыс бойынша 1000-нан аса сотталған адам рақымшылыққа ілігіп, олардың 256-сы босатылады, қалғандарының жаза мерзімі қысқарады, - деп хабарлады «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» өңірлік филиалының директоры Асылбек Сапарбекұлы.
Облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, барлығы 1061 адамға рақымшылық жасау шарттары қолданылады.
Еске сала кетейік, бүйрегін 15 млн теңгеге сатпақ болған қарағандылық рақымшылыққа ілікті.