Павлодарда мүгедек балаларға арналған оңалту орталығы алаяқтықпен айналысқан
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Павлодар қаласының прокуратурасы жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын оңалту орталықтарының бірінен ақшаны заңсыз жинау дерегін анықтады. Мекеме басшылығы мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсеткені үшін қосымша төлемақы алып отырған.
— Орталық басшысы жалған шарттар жасасқаны анықталды. Соның негізінде көрсетілетін қызметті алушылар ұзақ уақыт бойы орталыққа бюджет қаражаты есебінен көзделген қызметтер үшін ақы төлеп келген. Бүгінгі күні кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне жалпы сомасы 7,6 млн теңге көлемінде зиян келтірілген. Алаяқтық дерегі бойынша Павлодар қаласының полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады өңірлік прокуратурадан.
Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді.
Еске сала кетейік, прокурорлар білім саласы бойынша 8 млрд теңге шығынды анықтады.