Павлодарда «Наурыз аруы» байқауы өтті

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Павлодарда мереке қарсаңында облыстың ең сұлу бойжеткенін таңдауды мұрат еткен «Наурыз аруы» байқауы өтті, деп хабарлайды ішкі саясат басқармасынан.
None
None

Арулар байқауының бас жүлдесін Баянауыл ауданының тұрғыны Жансұлу Болат жеңіп алды. Сайыста барлығы 12 бойжеткен бақ сынасты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бірінші кезекте әділқазылар арулардың үлкенге деген сый-құрметіне, ел тарихын, ұлттық салт-дәстүрлерді, жоралғыларды білуіне, қарапайымдылығы мен әсемдігі сияқты қабілеттеріне баса мән берді. Бірінші орынды Ертіс ауданынан келген Айнұр Әбілдинова қанжығасына байласа, екінші, үшінші орындарды Майқайың, Қашыр ауылдарының ең сүйкімді қыздары иеленді. Қалған қатысушылар «Сымбатты Ару», «Нәзік Ару» және «Өнерпаз Ару» номинацияларын қанағат тұтты. Павлодар облысының барлық жерлерінде Ұлыстың Ұлы күні Наурызды мерекелеу шаралары басталып кетті. Екібастұз әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, мұсылман әйелдер лигасы «Бірлік - әртүрлілікте» этножобасы бойынша ұйымдастырылған «Мүшел той» өткізді. Олар жас жеткіншектерді ежелгі салт-дәстүрлермен таныстырды. Сондай-ақ екібастұздықтар «Селт еткізер сезім» сахналық қойылымын тамашаласа, «Өнер» орталығында көпшілікке ҚР еңбек сіңірген мәдени қайраткері Жәнібек Мәліков «Армысың, Әз Наурыз» концертін ұсынды. Көктем мерекесін қаланың 26 тұрғыны жаңа да жайлы пәтерлерінде қарсы алмақ. Бүгін бірқатар халықтың әлжуаз топтарының өкілдері, жетім балалар мен бюджеттік ұйым қызметкерлері баспаналы болды. Сонымен қатар, Наурыздың ең ізгі мәнін қайырымдылық пен халық бірлігі деп ұғынған екібастұздықтар «Қамқорлық» атты қайырымдылық марафонын өткізді. Шара аясында кәсіпкерлер, қала мекемелері мен банктер Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, мүгедектерге, жалғызбасты зейнеткерлерге қолдау көрсетті.

Соңғы жаңалықтар