Павлодарда неолит кезеңіңде жасалған қыш құмыралар сақталып тұр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қазақстанда неолит кезеңіне тиесілі ежелгі қыш ыдыстар ең алғаш Павлодар жерінен табылғанын екінінің бірі біле бермес. Потанин атындағы өңірлік тарихи-өлкетану музейінде қыш құмыралардың бай коллекциясы сақталған.
Ғалымдар ең алғашқы қыш құмыралар неолит кезеңінде жасала бастаған деп пайымдайды. Археологтар облыс аумағынан аталған кезеңге жататын ежелгі қыш ыдыстарды көп тапқан.
- 1951 жылы қазіргі Железин ауданында жүргізілген қазба жұмыстарында ғалымдар олжаға кенеледі. Біздің заманымызға дейінгі 3-4-ғасырларға жататын дәуірде жасалған қыш ыдыстар Қазақстан бойынша ең алғаш Павлодар жерінен табылғанын да айтып өту керек. Соған қарағанда Арқа даласында, соның ішінде Ертіс өзенінің бойында байырғы заманда көшпелілердің бай өркениеті болған. Ежелгі тұрақтардағы мәдениетті зерттеп, жер астында жатқан құпияларды ашуда біздің музейімізбен үнемі бірлесіп жұмыс істейтін археолог ғалымдар Виктор Мерц, Тимур Смағұлов, Георгий Пересветовтің еңбектері өлшеусіз,-деп атап өтті Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы Әлия Жомартова.
Зерттеушілер алғашқы қыш ыдыстарды адамдар әуелі саздан жапырақ-жапырақ етіп құрастырған деп болжайды. Кейін оны отқа күйдіріп, нығайтқан. Ал заман өте қыштан бұйым жасайтын шеберлер қалыптасып, ол үлкен өнерге айналған. Мысал үшін Қызылтаң ауылы маңынан табылған неолит дәуіріне тиесілі қыш ыдыстың өне бойы зерленген. Көшпелі халық мұндай қыш ыдыстарды күнделікті тұрмыста ғана емес, сәндік мақсатта, әсіресе жерлеу рәсімі үшін де пайдаланған. Тіпті, әйелдер мен ер адамдарға арналған ыдыстар бөлек сәнделіп жасалған көрінеді.
Қыш ыдыстар қатарынан Андронов мәдениеті мен қола, ерте темір, сақ-үйсін кезеңіндегі құмыраларды көрдік. Арасында жерге көміліп, ішіне дән сақталатын үлкен құмыралар да кездеседі. Орта ғасырларға таман ыдыс жасау үшін қыштың орнына металдар, атап айтқанда темір, жез, күміс, шойын қолданыла бастағаны мәлім. Мысал үшін Шығыс Азия елдеріне тән жез құмандар сәнге айналған.
Қыш құмыра жасау өнері Еуропа елдерінде, соның ішінде Қап тауы мен славян халықтарында ежелден қалыптасқан. Қазақ жеріне өзге ұлттардың жаппай қоныстануы басталғанда жат жұрттардың ыдыс жасау мәдениеті де бізге келе бастады. Көрмеден украин мен беларусь ұлттарына тән макитра, крынка, Қап тауы өкілдерінің къудал құмыраларын да кездестірдік.
Әлия Жомартова атап өткендей, қыштан ыдыс жасау кеңес өкіметі жылдары да жақсы дамыған. Әсіресе, белгілі тұлғалардың мерейтойына, атаулы даталарға байланысты сәндік кәдесыйлар жиі шығарылып тұрыпты. Ал қазіргі қоғам оны сәндік-қолданбалы өнер ретінде қабылдайды.
Бұған дейін Мәшһүр Жүсіптің бейнесі қалай сақталып қалғаны туралы жазғанбыз.