Павлодарда оқушыны үшкір затпен түйреп өткен мұғалім қылмыстық жауапкершілікке тартылады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM -  Павлодар қаласында тақта алдына шыққан оқушыны математика мұғалімі арқасынан үшкір затпен түйреп кеткен. Бұл жайт бейнекамераға түсіп қалған.

 Павлодарда оқушыны үшкір затпен түйреп өткен мұғалім қылмыстық жауапкершілікке тартылады
Фото: видеодан алынды

Қалалық білім беру бөлімінен хабарлағандай, №26 мектептің 9 Д сыныбында алгебра сабағы жүріп жатқан. Осы сәтте математика пәнінің мұғалімі тақтаға шығып, тапсырманы шешіп тұрған ер баланың артынан келіп, әлденемен түйреп өтеді.

Бейнежазбадан оқушының ауырсынып қалғаны байқалады әрі оның алдында мұғалімнің шкафқа жақындап келіп, одан бұрандалы шегені (шуруп) босатып алғаны да камераға түсіп қалған.

- Ер баланы мектептегі медицина қызметкері, жедел жәрдем бригадасы қарап шығып, денесіндегі тері қабаты бүлінбегенін анықтады. Ата-анасына баласын облыстық балалар ауруханасына алып барып, сіреспеге қарсы екпе алу ұсынылған. Алайда олар жеке клиникаға қаралатындарын айтып, бас тартты. Ал педагог өзінің неге бұлай жасағанын түсіндіре алмай отыр. Ата-анасынан кешірім сұрады, - деп хабарлады білім беру бөлімінен.

Атап өтерлігі, оқушының туыстары баланы инемен түйреген дейді. Ал мұғалім бұрандалы шегені қолданғанын айтады.

Мектеп әкімшілігі бұл оқиғадан соң аталған мұғаліммен еңбек шартын бұзып, жұмыстан шығарып жіберген.

Ал өңірлік полиция департаменті кәмелетке толмаған адамды ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттері дерегі бойынша педагогке қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.

Бұған дейін желіде өзімен шамалас қызды аяусыз ұрған бойжеткеннің видеосы тарап кеткені туралы жазған едік. Қыздардың Павлодардағы коллеждердің бірінде оқитыны мәлім болды. 

Соңғы жаңалықтар