Павлодарда орамжапырақ өз бағасынан үш жарым есе қымбатқа сатылған
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Өңірлік сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті бірқатар әлеуметтік өнім бағасының шектен тыс қымбатқа сатылғанын анықтаған.

Павлодар облысы сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментіне биылғы алғашқы 5 айда тұтынушылар тарапынан 727 өтініш келіп түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға көп. Түскен арыз-шағымдардың басым бөлігі бөлшек сауда, тұрмыстық қызмет және электронды сауда салаларына қатысты. Мамандар тұтынушыларға 66 миллион теңгеден астам қаржыны қайтаруға көмектескен.
— Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жүргізілген тексерулерде бірқатар өнім бағасының шектен тыс қымбатқа сатылғаны белгілі болды. Мысалы, қырыққабаттың келісі 100 теңгеден сатып алынып, 450 теңгеге сатылған. Сәбіз бағасы 275 пайызға, картоп 106 пайызға, пияз 86 пайызға, ал қарақұмық пен тауық еті тиісінше 52 және 27 пайызға қымбатқа сатылған, — дейді департамент басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірова.
Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде кәсіпкерлік нысандарына 144 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 64 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, заң бұзушылықтарды жою жөнінде 88 нұсқама берілген.
Еске сала кетейік, Павлодарлық балабақшаларға азық өнімдері 300% қымбатқа жеткізіліп тұрған.