Павлодарда өрт сөндіру көліктерінің аулаларға еркін кіруіне жағдай жасалып жатыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қаладағы кейбір көпқабатты үйлердің ауласында көп жылдар бойы бетон блоктар мен темір қоршаулар қойылып, көліктер өте алмайтындай етілген. Жасанды кедергілер қазіргі уақытта алына бастады.

Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен және полиция қызметкерлерімен бірлесіп «Қауіпсіз аула» атты ауқымды акция өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты — өрт сөндіру және жедел жәрдем сияқты жедел қызметтерге кедергісіз жол жүруді қамтамасыз ету.
— Аулалардағы жасанды кедергілер жедел қызметтердің жедел жұмысына үлкен қауіп төндіреді. Қиын жағдайларда әр минут адам өмірін сақтап қалу үшін шешуші болуы мүмкін. Өрт сөндіру немесе жедел жәрдем машинасының жолындағы кез келген кідірістер қайғылы салдарға әкелуі ықтимал. Акция барысында мамандар облыс орталығындағы аулаларда орнатылған жасанды кедергілерді бөлшектеді. Арнайы көліктерге кедергі жасайтын блоктар, металл конструкциялар және өзге де кедергілер алынып тасталды, - деп хабарлады төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.
Департамент қызметкерлері Павлодар облысының тұрғындарына қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін еске салады. Әрбір тұрғын аулаларда арнайы техниканың өтуіне кедергі келтірмеу үшін жауапты болады. Төтенше жағдай кезінде адамдардың денсаулығы мен өмірі жедел әрекеттерге тәуелді.
Еске сала кетейік, ШҚО-дағы Марқакөл ауданында төтенше жағдай жарияланды.