Павлодарда пиротехника өнімдерін заңсыз саудалап жүргендер айыппұл арқалап жатыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өңірде «Пиротехника» жедел - профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Тәртіп сақшылары сауда нүктелеріне мониторинг жүргізіп, заңсыз өнімдерді тәркілеп жатыр.

Жаңа жыл мерекесі жақындаған тұста жер-жерлерде пиротехникалық өнімдердің заңсыз саудасы белең алатыны жасырын емес. Тұрғындардың қауіпсіздігін нысанаға алған павлодарлық полицейлер заңсыз деректердің алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шараларлы бастап кетті. Олар дүкендер, сауда үйлері мен пиротехникалық өнімдерді сатуға болатын орындар бойынша рейдтер жүргізіп, рұқсат беру құжаттарын тексеруде. Кәсіпкерлер мен сатушыларға өнімді кәмелетке толмағандарға сатуға тыйым салынатынын және жарылыс қаупі бар бұйымдарды заңсыз өткізгені үшін жауапкершілік барын ескертіп келеді.
- Тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізеді. Онда кейбір азаматтар пиротехникалық өнімдерді онлайн сататыны анықталды. Павлодарда Байжанов көшесінде рұқсат құжаттарысыз пиротехникалық бұйымдарды сату дерегі анықталды. Сатушыдан 45 жағу заты бар 4 қорап тәркіленді. Тауарларды заңсыз сатқаны үшін сатушы қызметкер жауапқа тартылып, 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды,-деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Полицейлер от-шашуларды сатып алу кезінде сатушыдан өнім сертификатын талап ету керектігін ескертеді. Пиротехникалық өнімдердің сыртында немесе қорабында пайдалану нұсқаулығы міндетті түрде болуы керек. Егер өнімнің жарамдылық мерзімі өтіп кетсе, оны пайдаланбаған абзал.
Мамандар пиротехникалық бұйымдарды қалтада алып жүруге, бөлшектеуге, үйкелеуге және ыстық жерде кептіруге кептіруге болмайтынын айтады. Ата-аналар от-шашуды балаларының бақылаусыз пайдалануына тыйым салуы қажет.
Еске сала кетейік, Павлодардың орталық алаңында құлап қалған шырша биыл қайтадан құрылады.