Павлодарда полигондарға қоқысты тегін қабылдау ұсынылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Павлодар облысында заңсыз үйілген күл-қоқыс орындары көбейіп кеткен. Бүгінде мұндай орындардың саны 30-дан асады. Депутаттар мен қоғам белсенділері мәселені шешудің жолы – қоқысты тегін қабылдау деп отыр.

Павлодарда полигондарға қоқысты тегін қабылдау ұсынылды
Фото: pavon.kz

Заңсыз күл-қоқыс орнының бірі Павлодар қаласындағы Солтүстік өнеркәсіп ауданында орналасқан. Мұнда әлдебіреулер құрылыс жұмыстарынан қалған қалдықтарды заңсыз үйген. Ал, дәл жанында құм алынатын шұңқыр қазылып, оны қаладағы кәсіпкерлер пайдалана бастаған. Құм алынатын орын да заңсыз пайдаланылып отыр.

Өңірлік экология департаменті басшысының орынбасары Мағзұм Қоқымбаевтың дерегінше, арнайы рейдтердің және «Ғарыш сапары» ұлттық компаниясының ғарыштан түсірген фотосуреттерінің нәтижесінде заңсыз күл-қоқыс орындары уақыт сайын анықталады. 

Павлодарда полигондарға қоқысты тегін қабылдау ұсынылды
Фото: pavon.kz

«Мәліметтерді жергілікті атқарушы органдарға береміз. Олар жыл сайын рұқсат етілмеген күл-қоқыс төгу орындарын жоюмен айналысады. Жыл басынан жеті әкімдікке жалпы сомасы 1,3 млн теңге айыппұл салдық. Ал Павлодар қаласының өзінде бүгінде 10 заңсыз күл-қоқыс орны бар. Қоқыс шығаратын көліктердің жүргізушілері қаражаттарын үнемдеу мақсатында тиеп алған тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын жұрт көзінен таса осындай жерлерге төгіп кетеді. Негізі мұндай қалдықтар қоқысты ақылы түрде қабылдайтын полигондарға апарылуы керек. Заңсыз үйілген орындарға қоқысты сырттан келіп ешкім төгіп кетпейді, оны жасап отырған қала тұрғындары», - дейді М.Қоқымбаев.

Павлодарда полигондарға қоқысты тегін қабылдау ұсынылды
Фото: pavon.kz

Қалалық мәслихат депутаты Болат Сүлейменовтің айтуынша, айына екі рет қоғам белсенділері мен полиция қызметкерлерін торуылға шығарып, кезекші патрульдерді жай машиналарға отырғызып қоюға болады. Ал заң бұзушыларды бейнежазбаға түсіріп, көпшілікке көрсеткен абзал. 

«Өкінішке қарай, біз көбіне бюджет қаражатын осындай заңсыз күл-қоқыс орындарын жоюға ысырап етеміз. Менің ойымша, бұл қаражатты күл-қоқыс қабылдайтын орындарды субсидиялауға жұмсауымыз керек. Есесіне олар қоқысты тегін қабылдасын. Қоғам көбіне мәселенің салдарымен күресуге үйреніп қалған. Қоқысты ақылы қабылдау жүргізушілерді осыған итермелеп отырғаны анық. Ал айналып келгенде заңсыз төгілген қалдықтарды біз бәрібір қазына қаражаты есебінен жоямыз. Сондықтан, полигондар қоқысты тегін қабылдайтындай жүйе қажет. Қаражатты соған бөлейік», - деген ұсынысын жеткізді депутат.

Еске сала кетейік, Астанада рұқсат етілмеген 33 қоқыс орны жойылды. 

Соңғы жаңалықтар