Павлодарда пробация қызметі 665 адамға әлеуметтік және құқықтық көмек көрсеткен

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар қаласының пробация қызметі жыл басынан бері 665 адамға әлеуметтік және құқықтық көмек көрсеткен. Сондай-ақ, оның 60-ы жұмыспен қамтылған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
None
None

Бұл туралы «Қоғамдық келісім» мекемесінде Қазақстан Респуликасының «Пробация туралы» заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында Павлодар қаласы Пробация қызметінің бастығы Самат Болтайұлы мәлім етті.        

 Дөңгелек үстелге  облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев, облыстық басқарма басшылары, қылмыстық-атқару жүйесінің мамандары және жергілікті атқарушы орган өкілдері мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.

«Бұл кездесу - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудың бір тетігі. Өйткені, «100 нақты қадамның» 33-қадамы осы пробация қызметін жетілдіруге арналған. Яғни, пенитенциарлық пробация - сотталғанды үкім шыққан күннен бастап қоғамға қайта бейімдеу. Бұл жердегі үлкен мәселе - қылмыстық-атқару жүйесінде айыпталушының мамандық алуы, жұмысқа бейімделуі, сонымен қатар оларды кәсіпкерлікке үйрету бағытында жұмыстар атқарылуы керек», - деді Мейрам Бегентаев.

Павлодар қаласы Пробация қызметінің бастығы Самат Болтайұлының айтуынша,  пробация қызметі Қазақстанда шетелдік тәжірибеге сүйеніп іске асырылуда.

«Біз осы заң арқылы қылмысын өтеп шыққандарға жан жақты көмек көрсетеміз. Яғни, жұмыспен қамтамасыз еуі, білім беру және тұрақты үй-жайы жоқ азаматтарға қарайласу біздің құзырымызға кіреді. Сондықтан, бұл заң әлі де толықтыруды, жетілдіруді талап етеді. Біз өз тарапымыздан ұсыныстарымызды айтып жатырмыз. Соңғы шешім Парламент Мәжілісінде қабылданады», - дейді Самат Болтайұлы.

Айта кетерлігі, Елбасы жариялаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 33-қадамы осы пробация қызметіне арналған. Онда: «Бас бостандығынан айыру орнынан босаған және сынақтан өту қызметіне тіркелген азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін қалыпқа келтіру» делінген. Осыған орай, былтырғы жылы елімізде «Пробация туралы» жаңа заң қабылданған болатын. Бұл заң -  жазасын өтеп шыққан адамдарды қоғамға бейімдеу, жұмысқа орналастыру бағыттарында жұмыс жасап, оларды өз бақылауына алады. Биыл сол заңның кейбір баптары мен тармақтарына қайта толықтырулар мен өзгертулер енгізу мәселесі республика көлемінде талқыланып жатыр.

Соңғы жаңалықтар