Павлодарда ірі есірткі арнасы жойылды
АСТАНА. KAZINFORM — Өңірде полицейлер жүргізген іс-шаралар нәтижесінде ірі есірткі арнасы жойылды. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Ведомствоның мәліметінше, жергілікті тұрғын ұсталған. Жеке тінту барысында одан сатуға дайын шамамен 60 орама табылды. Күдіктінің пәтерін тінту кезінде полицейлер синтетикалық және психотроптық заттардың ірі партиясын анықтады.
Мамандардың қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат – 1,2 келі мефедрон. Сондай-ақ таразы, қаптама материалдары және қылмыстық әрекетті дәлелдейтін өзге де айғақтар алынған.
– Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізілуде, оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Полиция қызметкерлері жеткізу тізбегін және ықтимал сыбайластарды анықтау үшін жедел-іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр, – деді Павлодар облысы ПД ҰҚҚБ бастығынын м.а. Диас Қадыров.
Еске сала кетейік, бұған, дейін ШҚО-да синтетикалық есірткі өндіретін зертхананың қызметі тоқтатылған болатын.