Павлодарда робот сот орындаушысы борышкерлердің 7,5 млн теңгесін үнемдеп қалды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Әділет министрлігі жарты жыл бұрын Ертіс-Баян өңірінде «Робот сот орындаушысы» пилоттық жобасын іске қосқан. Цифрлық робот борышкерлерге қарызы мен жеңілдетілген өндіріс туралы ақпаратты автоматты түрде ескертеді.

Маржан Имятова
Фото: Павлодар облысы өңірлік коммуникациялар қызметі

«Робот сот орындаушысы» пилоттық жобасы Павлодар өңірінде өз нәтижесін таныта бастаған. Жарты жыл бұрын іске қосылған цифрлық робот борышкерлердің сот орындаушыларына төлейтін төлемдерін 7,5 млн теңгеге үнемдеп қалған.

Өңірлік әділет департаментінің басшысы Маржан Имятованың айтуынша, цифрлық сот орындаушысы борышкерлерге қарызы мен жеңілдетілген өндіріс туралы ақпаратты автоматты түрде ескертіп, телефон нөміріне SMS және Egov Mobile қосымшасына хабарламалар жібереді. Жарты жыл ішінде жүйе 14 мыңдай жеңілдетілген өндіріске араласқан.

«Цифрлық сот орындаушысы көптеген артықшылықтарға ие. Ең әуелі, адамдар сот орындаушыларына комиссия төлеуден құтылады әрі оларға барып керегі жоқ. Екіншіден, робот қарыз сомасы шегінде тек бір ғана банктік шотты бұғаттайды. Ал әдеттегі сот орындаушылары барлық шоттарды бұғаттап тастайтыны мәлім. Борышкерлер өз қарыздарын онлайн төлеп, шоттарын автоматты түрде бұғаттан шығара алады», - дейді ол.

Әдеттегі сот орындаушыларының комиссиясы қарыз сомасынан 25 пайызды құрайтынын ескерген абзал.

Еске сала кетейік, Павлодар полицейлері балаларына 4,5 млн теңге қарыз әкені ұстады.

Соңғы жаңалықтар