Павлодарда рулі оң жақтағы жеңіл көліктер жол апатына жиі түседі

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Жыл басынан бері рулі оң жақтағы көліктерге қатысты 11 жол оқиғасы тіркелген. Салдарынан 7 адам қаза тауып, 20 адам түрлі жарақат алған.

көлік, рулі оң жақта
Фото: Canva

ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің бастығы Мұрат Қожамқұловтың дерегінше, рулі оң жақта орналасқан көлік жүргізушілерінің кінәсінен 11 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 7 адам мерт болған, тағы 20 адам жарақаттанған.

- Біздің департамент такси жүргізушілерінің, оның ішінде оң рулді көліктердің кінәсінен адамдардың жолдарда зардап шегуіне алаңдаушылық танытып отыр. ҚР «Автомобиль көлігі туралы» заңының 7-бабының 4-тармағына сәйкес, таксимен тасымалдау үшiн арнаулы, оның iшiнде толықтай қолмен, рулі оң жақтан басқарылатын автокөлiк құралдарын пайдалануға тыйым салынатынын атап өткен жөн. Қолданыстағы шектеулерге қарамастан, жекелеген жүргізушілер заңның бұл нормасын елемей, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп отыр, - дейді ол.

Мәселен, биылғы 5 тамызда «Атамекен – Курчатов» тас жолында «Тойота эстима» жүргізушісі жолдың қарсы бетіне шығып, «КамАЗ» жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Апат салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен алдында отырған жолаушы көз жұмған. Тағы 5 жолаушы әртүрлі ауырлықтағы дене жарақатын алған.

Жалпы, биыл Павлодар облысының аумағында өлім жағдайына соқтырған 35 жол оқиғасында 54 адам қаза тапқан.

Еске сала кетейік, 23 қыркүйек күні Павлодар — Қызылорда тас жолында жүк көлігі мен жеңіл көлік соқтығысып, апат салдарынан оқиға орнында 4 жолаушы мен жүргізушінің мерт болғанын жазғанбыз. Полицейлер аталған жеңіл көліктің рулі оң жақта болғанын айтады. 

Ал 3 қазан күні «Тойота Альфард» Павлодар маңында жылқыға соғылып, екі адам қаза тапты.

Соңғы жаңалықтар