Павлодарда салынып жатқан жаңа көпірде тағы да өрт шықты
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Құрылыс нысанында оқшаулау материалдары, қорғаныс шатыры және ағаш қалыптардың конструкциялары отқа оранған. Өрттің ауданы шамамен 100 шаршы метр.
Бүгін таңертең Ертіс өзені үстінен салынып жатқан жаңа автокөлік көпірінің тірек құрылысы өртке оранды. Оқыс оқиға №5 тіректе тіркелген.

- 1 ақпан күні «101» операторының пультіне салынып жатқан көпірдегі өрт туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына дереу өрт-құтқару бөлімшелері жіберілді. Нысандағы оқшаулау материалдары, қорғаныс шатыры және ағаш қалыптар конструкциялары өртенген. Өртенген аумақ биікте орналасуы себепті сөндіру барысында біраз қиындықтар туындады, - деп хабарлады өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінен.
Өрт сөндірушілер жалпы ауданы 100 шаршы метрге таралған жалынды толығымен ауыздықтап , сөндірген. Көпірдің басқа құрылымдарына оттың таралуына жол берілген жоқ.

Мамандардың айтуынша, жалынның тұтануына электр жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау себеп болған.
Еске сала кетейік, Ертіс өзені үстінде салынып жатқан жаңа көпірде өткен түнде де өрт шыққан.
Төтенше жағдай қызметкерлері кешегі және бүгінгі өрттің арасында тікелей байланыс жоқ екенін айтады. Кешегі өрт көпірдің №4 тірегінде болған.