Павлодарда шағын «Газельдерді» үлкен автобустар алмастырып жатыр

Павлодарда шағын «Газельдерді» үлкен автобустар алмастырып жатыр
Фото: gov.kz

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Керекуде қоғамдық көліктер жаңарып жатыр. Былтыр облысқа лизинг арқылы 200-ден аса автобус сатып алынса, биыл бір ғана Павлодар қаласына жаңадан 50 автобус алынуы керек.

Облыс орталығындағы жолаушылар тасымалын ұйымдастыратын ірі компания - «№ 1 автобус паркі» ЖШС жалпы сыйымдылығы 56 адамға арналған бірінші санаттағы Isuzu маркалы автобустарын сатып алды. Осы аптада алғашқы 30 автобус жеткізілді. Қоғамдық көліктерде жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасалған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мініп-түсіне арналған аппарельмен, салқындатқышпен және тағы басқа қажетті құрал-аспаптармен жабдықталған.

Жаңа автобустар №115 және №126 бағыттар бойынша қала көшелеріне шығады. Бұған дейін аталған бағыттардың жұмысына қатысты қала тұрғындарынан шағым жиі түскен. Әрі бұл бағытта «Газель» шағын автобустары жүріп жүрген еді. Енді №115 бағытта - 10 автобус және №126 бағытта 16 автобус жүретін болады. Ал 4 автобус резервте болады. Қозғалыс аралығы 2 есе қысқарып, 10 минутты құрайды.

Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін қоғамдық көлікті жаңарту тәжірибесі басқа да автопарктерде, сондай-ақ, трамвай депосында жүзеге асырылуы тиіс деген талап қойылып отыр. Павлодар трамвай басқармасы жаңадан 70 трамвай сатып алуды жоспарлап қойды.

Еске сала кетейік, Павлодарлық ғалымның пікірінше, шетелдің электрлі көліктерін, соның ішінде қоғамдық көліктерді Қазақстанда шығаруға болады.

Соңғы жаңалықтар
telegram