Павлодарда скутер жүргізушісі ЗИЛ-мен соқтығысып, қаза тапты

Павлодарда скутер жүргізушісі ЗИЛ-мен соқтығысып қаза тапты
Фото: pyxabay.com

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Облыс орталығындағы көшелердің бірінде скутер ЗИЛ көлігімен соқтығысқан. Скутер жүргізушісі алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.

Бұл туралы Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Скутер жүргізушісі көшеде ЗИЛ көлігімен соқтығысқан. Ол алған жарақаты салдарынан сол жерде көз жұмды. Аталған оқиға бойынша тергеу-тексеру шаралары жүргізіліп жатыр», - деп мәлімдеді департаменттен.

Бұған дейін Павлодарда скутерге мінген екі жасөспірім Камазға соғылып көз жұмғаны туралы жазғанбыз. 

Полиция департаментінің дерегінше, жыл басынан бері өңірде мотокөліктердің қатысуымен 14 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 4 адам қаза тапқан. Тағы 14 адам жарақат алған. Оқиғалардың тең жартысында қос доңғалақты көлікті кәмелетке толмаған жасөспірімдер жүргізген.

Қазіргі уақытта Павлодар қаласы патрульдық полиция батальонның қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының және жол жүру ережелерін бұзу фактілерінің алдын алу мақсатында, сондай-ақ мопедтер мен самокаттарды пайдалану бөлігіндегі заңнама талаптарын түсіндіруге бағытталған пысықтау шараларын жүргізіп жатыр.

«Бір тәуліктің ішінде 110 скутердің жүргізушісі жауапқа тартылып, микромобильдер арнайы тұрақтарға орналастырылды. Жас жүргізушілер негізінен көлікті дулығасыз басқарған, сонымен қатар сертификат және vin кодтары бар техпаспорты болмаған. Барлық мотоцикл иелеріне құжаттар ұсынылғаннан кейін ғана қайтарылады», - дейді Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Думан Қожахметов.

Соңғы жаңалықтар
telegram